Террористік топтың мүшесі Болгариядан экстрадицияланды

Террористік топтың мүшесі Болгариядан экстрадицияланды

Террористік топтың жұмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматы елге жеткізілді.

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ІІМ Интерполының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуі арқылы Болгария Республикасынан Қазақстанның азаматын террористік топтың жұмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады. Ол радикалды діни ағымның қолдаушысы бола тұра, 2015 жылы Сирия Араб Республикасының аумағына барып террористік топтардың бірінің құрамына кірген - делінген хабарламада.

Осыған байланысты оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, халықаралық іздеу жарияланды.

Биыл мамыр айында ол Болгария аумағында ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды.

Фигурантты экстрадициялау Болгария тарапымен 2014 жылғы 14 қарашадағы адамдарды ұстап беру туралы екіжақты шарттың болуына байланысты мүмкін болды.

Оған айып тағылған қылмыс үшін мүлікті тәркілеумен бірге 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.