Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасының бір бөлігін су бұзып кетті

Алматы облысының Байкент ауылындағы Ворошилов су қоймасы бөгетінің бір бөлігін су орып кетті.

Қоймадан қашқан су Жармұхамет өзенінің негізгі арнасымен ағып жатыр. Тоғандарға су жіберуге арналған барлық шлюз ашық. Қазір онда халықты хабарландыру және елді мекендерді су басу қаупін нақтылау жұмыстары басталды. Оқиға орнында өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмыс істеп жатыр. Іле ауданының Байкент елді мекенінде 7 мың адам, ал Қараой ауылында 5 мыңнан астам адам тұрады. «Әзірге ауылдарды су басу дерегі тіркелген жоқ. Су транзиттік режимде ағып жатыр» деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменітінің баспасөз қызметі. Тереңдігі 10 метр болатын бұл су қоймасына 1 миллион текше метр су сыяды. Бөгет жырылғанға дейін су қоймасы жартылай ғана толып тұрған.