Сенаторлар Қазақстанда ғарыш саласын дамыту туралы Хаттаманы ратификациялады

Сенаторлар Қазақстанда ғарыш саласын дамыту туралы Хаттаманы ратификациялады
Сенаттың баспасөз қызметі

Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.

Онда депутаттар Жоғарғы соттың судьясы қызметіне сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсынымын қарады. Соған сәйкес сенаторлар бұл қызметке Берік Нәжімиденовті сайлады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Отырыс барысында депутаттар «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.

Бұл хаттама «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін бюджеттік несиеден босатуды көздейді және оның жүктелуіне кепілдік береді. Яғни, тараптардың ғарыш аппараттарын «Союз-5» зымыран-тасығышымен және оның ықтимал модификацияларымен орбитаға шығару жөніндегі коммерциялық тапсырыстардың көрсетілген кешеннен жылына кемінде екі ұшырылым мөлшерінде орындауға өзара міндеттемелері болады.

«Байтерек» ғарыш зымыран кешені Қазақстан мен Ресейдің «Байқоныр» ғарыш айлағындағы бірлескен маңызды жобасы. Бүгін қаралған Хаттама Қазақстан тарапының осы жобаға қатысу үлесін арттырады. Қабылданған Заң екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Сенат Спикері бұл заң мемлекеттiк басқару жүйесiн реформалау аясында жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.

«Осы құжат мемлекеттiк аппарат қызметiнiң тиiмдiлiгiн және мемлекеттiк қызметтерді көрсету сапасын арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейтеді. Алдағы уақытта осы заң еліміздің дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Асқар Шәкіров, Владимир Волков және Ләззат Сүлеймен тұрғын үй саясатына қатысты құқықтық қатынасты жетілдіруді және азаматтардан жалғыз баспаналарын өндіріп алуға тыйым салуды ұсынды.

Өз кезегінде Сергей Ершов Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде болған қайғылы оқиғадан кейін өзектілігі арта түскен өндірістік қауіпсіздік саласындағы проблемаларды көтерді.

Ал Нұрлан Қылышбаев Қытайда карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты шекарада көліктердің тұралап қалғанын айтып, осы мәселені оңтайлы шешуді және кедендік заңнамаларды жетілдіруді сұрады.

Одан бөлек Андрей Лукин жасыл желектерді қорғау мәселелеріне назар аударды.

Өз сауалында Еділ Мамытбеков зираттарды жерлеу, орналастыру және күтіп ұстау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық акт әзірлеуді ұсынды.