Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қарусыздану конференциясына қатысты

Еліміздің Үкімет басшысының орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Швейцарияға сапары барысында БҰҰ Қарусыздану конференциясына қатысты. Бұдан бөлек Женевадағы халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті.

Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру бойынша ұстанымы өзгеріссіз қала береді. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі конференцияда осылай деп атап өтті. БҰҰ Бас ассамблеясы ядролық қарудан азат әлем құру туралы декларацияны 2021 жылы қабылдаған. Мемлекетіміз ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі келісім-шартты жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. 

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бастамасын әлемнің негізгі елдерінің бәрі қолдады. Декларацияны қабылдау кезінде дауыс бергендер өзге құжаттарды бекітуге қарағанда көп болды. Бұл құжаттың басты мақсаты - ядролық қаруы бар елдер мен оны иеленуге талпынып жатқан мемлекеттерді жойқын қарудан бас тартуға шақыру.

Конференцияда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасының жүзеге асырылу барысымен де таныстырды. Ал Женевадағы халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесуде министр болашақ ынтымақтастыққа тоқталды. Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директоры еліміздің басшылығымен өтетін 12-министрлік конференция жайын сөз етті. Ал Женевадағы БҰҰ бөлімінің басшысы Татьяна Валоваямен жүздесуде Орталық Азиядағы аймақтық жобалардың жүзеге асырылуын талқылады.

Татьяна Валовая,  БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры:

- Қазір Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуға баса көңіл бөліп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан халқына экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрғыдан одан әрі өркендеуіне тілектеспіз. Біз қазір Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толуын ғана емес сонымен бірге БҰҰ-ға мүше болуының 30 жылдық мерейтойын да атап өтіп жатырмыз. Бұл өте маңызды. Себебі Қазақстан осы жылдар ішінде халықаралық беделге ие мемлекетке айналды. Біз көп мәселеде тығыз бірлесіп әрекет етіп келеміз. Келешекте де ынтымақтастығымыз жалғаса беретініне сенімдіміз.

Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Борге Брендемен кездесуде ол, Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы ұйым төрағасының мамыр айында өтетін Давостағы форумға шақыртуын тапсырды. Бренде Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірде гендерлік теңдікті жақсарту бойынша форумның ғаламдық бастамасына қосылуына қолдауын білдірді. Ал БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының басшысы Ребекка Гринспанмен бірлескен жобалар мен келешек жоспарлар талқыланды. 

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанда тауарлардың кеденнен өтуі және қазақстандық тауарларды экспорттау мен импорттаудағы ортақ терезе сияқты ЮНКТАД жобалары жемісті жүзеге асырылып жатыр. Қазір ЮНКТАД Хатшылығымен серіктестігіміз артты. Өйткені Сыртқы істер министрлігі тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға жауапты. Біз шетелдік инвесторлардың біздің экономикаға кіруінің ортақ жүйесін құру туралы жобаны қарастырып жатырмыз. 

Ребека Гринспан елімізде инвестициялық климаттың жақсарғанын айтып, Қазақстан 2020 жылы теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ экономикасы өтпелі деп танылған елдер ішінде шетелдік тікелей инвестицияны көптеп тартқан мемлекет болғанын атап өтті. 

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов