ДСҰ министрлер конференциясы өтті

Бұл конференцияға тарихта алғаш рет Орталық Азия елі төрағалық етті. Қазақстанға бұл міндет өте қиын кезде жүктелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар балық аулау субсидиядарына тыйым салатын декларация қабылдануы мүмкін дейді. Бұл бағыттағы келіссөздердің жүріп жатқанына 20 жылдан асқан.

Нгози Оконджо-Ивеала, ДСҰ бас директоры:

- Соңғы конференциядан кейін әлем қатты өзгеріп кетті. Мен өмірімде мұншама көп қақтығыстың бір мезетте болғанын көрген емеспін. Миллион адамның өмірін қиған пандемиямен әлі күресіп жатырмыз. Украинадағы соғыс дағдарысы басталды. Азық-түлік, энергетика, климат өзгерісі де ушығып барады.

Ауыл шаруашылығы бойынша агроөнім саудасы, азық-түлік қауіпсіздігі туралы декларация және экспорттық шектеу енгізбеу туралы шарт сияқты 3 келісімнің жобасы ұсынылып отыр. Былтырғы жылдың мамыр айымен салыстырғанда әлемдегі бидай бағасы 56 процентке артқан. Ал астық құны 25 пайызға өсті.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бұл өте қиын жағдайда өтіп жатқан шара. Пандемияның алдында да бұл ұйымның көп жиналған проблемалары бар. Осы ұйымның ішінде бір проблемалар бар. Мысалы, дауларды шешу. Органдардың жұмыс істемей қалуы. Балық аулауға субсидиялар бөлу. Ауылшаруашылығы мәселелерін шешу. Талқылануда. Бір жағына шығарамыз деген үміт бар.

Әлемде ковидке қарсы вакциналарға берілген патент мерзімін тоқтату да өзекті болып тұр. Бұл келісімді Үндістан мен Оңтүстік Африка Республикасы ұсынған. Бірақ егу препаратын шығарушылар бұған қарсы. Қазіргі және болашақ пандемиялармен күрес бойынша міндеттемелерді бекіту күнтәртібіне қойылған. Осы форумда түпкілікті шешім қабылдануы тиіс.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Әрине қосымша бүгінгі күндегі мәселе - вакцинаға қолжетімділік және пандемияның дүниежүзілік саудаға әсерінен қалай өту жолдарын табу талқыланып жатыр. Жаңа мәселелердің арасында электронды коммерция да бар. Басқа да көп мәселе. Сондықтан бұл енді 164 мүше елдер бірге бас қосып отырғаннан кейін әр елдің ерекшелігі көп. Сондықтан талқылаулар өте қызу болады. Бүгінгі геосаясат та өзінің әсерін беріп отыр. Дегенмен бұл ұйым политикадан тыс болғаннан кейін, жалпы экономикалық мәселеге негізделгеннен кейін елдер келісімдерге келеді деп үміттеніп отырмыз.

Шара аясында арнайы жұмыс сессиялары, екіжақты және көпжақты келіссөздер өтеді. Ал ертең маңызды келісімдер жасалады.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст