Қазақстанда 2 теракт бола жаздаған – Қ.Тоқаев

Еліміз алапаттан аман қалды. Екі бірдей террорлық акт бола жаздады. Әйтеуір қырғынға жол берілмеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері лаңкестерді дер кезінде қолға түсірді. Жердің тұтастығы мен елдің амандығына жауапты сол Комитетке 30 жыл. Аса жауапты қызметте жүргендерді бүгін Мемлекет басшысы құттықтады. Органға жаңа міндет жүктеді. Сонымен комитетті қандай өзгеріс күтіп тұр?

Әнұранда айтылатын алтын дән даламыздың тұтастығына, елдің есендігіне жауапты ұлттық қауіпсіздік комитеті деген аты дардай орган бар. Биыл сол органның құрылғанына отыз жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаңызды ҰҚК 30 жылымен құттықтаймын. Бұл ел үшін айтулы оқиға. Ұлттық қауіпсіздік жүйесі мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Сондай-ақ дербес дамуымыздың мызғымас тірегі.

Екі террорлық актіге жол берілмеді

Комитеттің жұмысы елге көріне бермейді. Талап сондай. Бірақ олардың мойнындағы міндеті мен арқалаған жүгі жеңіл емес. Комитет өкілдері тек жыл басынан бері экстремистік әрекеттерге қатысып, терроризмді насихаттаған 42 адамды ұстаған. Екі бірдей террорлық актінің алдын алды. Полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады. Бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 17 мыңнан астам оқдәрі тәркіленді. Шекараны кесіп өтпек болған 7 мыңнан астам адам ұсталды. Жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және өзге де тауардың заңсыз тасымалына жол берілмеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізіледі. Оны көпшілік біле бермейді. Дегенмен, сіздердің жұмыстарыңыздың мән-маңызы айрықша. Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге адал қызмет етуден көрінеді. Біз ел мүддесін қорғау жолында құрбан болған қаһармандарды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері жұртқа жарияланбайды. Бірақ есімдері Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жылнамасына алтын әріппен жазылады. Комитет ардагерлеріне көп жылғы еңбегі үшін зор алғыс айтамын.  

Айналада геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. Бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес, гибридті қақтығыс сөзсіз ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Ал басты құндылық қай кезде де тұрақтылық болған. Елдің тыныштығы әрқашан бәрінен қымбат. Мұны әсіресе қыс басында қатты сезіндік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаңтардағы қасіретті күндерде Комитеттің бірқатар басшыларының намыссыздығы мен сатқындығына қарамастан көптеген офицерлеріміз өз антына адал болып, батыл әрекет етті, нағыз ерлік көрсетті. 

Қ. Тоқаев комитетке қандай міндет жүктеді?

Өзге елдерде жуырда болған ауқымды қақтығыстар тұрақтылық болмай, орнықты даму мүмкін емес екенін тағы бір көрсетті.  Ұлттық қауіпсіздік мықты болса, мемлекет те мықты. Қауіп қай кезде болады. Сол үшін үздіксіз даму керек. Айналаны жіті бағу керек. Жұмысын жаңғырту үшін комитетте өзгеріс болады. Мемлекет басшысы мамырда тиісті Жарлыққа қол қойған еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзгерістердің бәрін табысты жүзеге асыру үшін бізге кез келген қауіпке тиімді қарсы тұра алатын заманауи арнаулы қызмет керек. Ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық мүдделерді қорғауда және күшейіп келе жатқан заманауи сын-қатерлерге қарсы күресте алдыңғы шепте болады. Сондықтан аналитикалық және ақпараттық барлау жұмыстарына баса мән бере отырып, проблемаларды бастапқы сатысында жою қажет. Қазақстан жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Сондықтан еліміздің одақтасы және стратегиялық серіктесі саналатын мемлекеттермен арадағы табысты ынтымақтастықты арнаулы қызметтер саласы бойынша дамыту өте маңызды. Қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде азаматтар құқығының тапталуына және елімізде іскерлік климаттың бұзылуына жол беруге мүлде болмайды.

Қорған Қонысбайұлы, @KORGANTORE

- Арнаулы органда қызмет ететіндер жан-жақты, сан қырлы білім иесі болуы тиіс. Комитет өкілдері кез келген жағдайда терең зерттеу жүргізіп, салмақты әрі парасатты шешім қабылдай білуі керек. Мемлекет басшысы осыны талап етті. Сол талаптан комитетті өзгерту туралы шешім қабылданып отыр. Ал ең басты талап - комитет өкілдері мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоюы қажет. Өйткені олардың артында тұтас ел тұр.

Қорған Қонысбайұлы