Қытайда Қазақстанның туризмін цифрлы форматта таныстырды 

Бейжіңде Қазақстан туралы цифрлық көрме ашылды. Келушілерге инновациялық технологиялар арқылы еліміздің туристік және мәдени әлеуеті таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

Жүздеген жылдан кейін Ұлы жібек жолы цифрлы форматта қайта жаңғырды. Бұл жерде уақыт пен кеңістік заңы жүрмейді. Енді Бейжіңнен Қазақстанға дейінгі 4 мың шақырым жолды виртуалды көзілдіріліктің көмегімен-ақ еңсеруге болады.

«Жібек жолы голограммасы: Қазақстанға цифрлық туризм – технологиялар мүмкіндіктерді кеңейтеді» атты көрме Қытайдың бас қаласында ашылды. Оны елшілігіміз Бейжің ғылыми-техникалық қызмет компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.

Чэнь Сяохань, Бейжің ғылыми-техникалық қызмет компаниясының өкілі:

Көрмеде толықтырылған және виртуалды шындық, кеңістікті модельдеу және басқа да технологиялар қолданылды. Қытайдың ғылыми-фантастикалық индустриясы арқылы біз мәдени және туризм салаларын жандандыратынымызға сенімдіміз.

Интерактивті экспозицияны Қытай астанасының тұрғындары бір ай бойы тамашалай алады. Жаңа технологиялар арқылы келушілер еліміздің тарихи көрікті жерлерімен, бай мәдениеті, қолөнері және тарихымен танысады. Ал көрменің ашылу салтанатына келген қонақтар асық атып, ойнады.

Цзинь Сивэнь, көрмеге келуші:

Мен цифрлы көрме туралы кездейсоқ естіп қалып, келдім. Көптеген қызықты деректермен таныстым. Қазақстанның ауасы таза, табиғаты таңғажайып. Індет аяқталғаннан кейін достарыммен бірге Қазақстанға саяхаттауды жоспарлап отырмын.

Көрмеге келушілер Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастық туралы да біле алады. Жеке тұрған экранда 30 жылда екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың дамуының маңызды кезеңдері жайлы ақпарат берілген.

Яо Пэйшэн, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

Заманауи технологиялар өте өзекті, оларды пайдаланып, көп нәрсе жасауға болады. Бүгін ашылған көрме виртуалды болса да, барлық бейне өте шынайы. Менің ойымша, бұл көрмені басқа қалаларда да ұйымдастырған жөн. Мұндай шаралар өте маңызды, себебі бұл елдердің өзара байланысын арттыруға көмектеседі.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде кішкентай әртістер өнер көрсетіп, ән мен күйден шашу шашты. Ал жаңа әрі қызықты цифрлы іс-шара келушілерді виртуалды көрсетілген жерлерді шынайы өмірде барып көруге ынталандырып, қызығушылығын оятты.

Авторы: Ботагөз Сыргабаева