Қазақстан – Татарстан: экономикалық ынтымақтастық нығая береді

Қазанда Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр. Мерекелік іс-шаралар аясында екі елдің өкілдері бизнестің жаңа мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дана Нұржан, тілші:

– Қазақстан мен Татарстан арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып келе жатыр. Татарстан Қазақстанмен өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық бойынша ресейлік субъектілер арасында көш бастап тұр. Өткен жылы екі ел арасындағы өзара тауар айналымы төрт жүз жиырма үш миллион долларды құрады. Ал 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш шамамен үш жүз он миллион АҚШ долларға дейін жетті.

Тиімді ынтымақтастықтың үлгісі — «КАМАЗ» және «Татнефть» компанияларының қатысуымен ұйымдастырылған, жалпы сомасы 1 миллиард 800 мың доллар құрайтын машина жасау саласындағы жобалар.

Фарид Мухаметшин, Татарстанның мемлекеттік кеңес төрағасы:

– Елші мырзаның сапарының алдында мен біздің жетекші мұнай және автоөндіруші компаниялардың басшыларымен сөйлестім, олар біз президенттеріміздің ынтымақтастық және бірлескен өндіріске мүмкіндіктер жасау туралы келісімдерін орындап жатырмыз дейді. Осынау қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге иық тіресіп, бірге болуымыз керек.

Қазақстан бірлескен жобаларға, қазақстандық зауыттарды ресейлік кәсіпорындардың өндірістік тізбегіне ендіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанның Қостанай және Қарағанды облыстарында автокомпоненттер мен шина шығаратын үш зауыт салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

Президентіміз биыл Татарстанға ресми сапармен барды. Нижнекамск, Набережные Челны қалаларында болды. Бұл жобалардың барлығы қазір Қазақстан аумағында жүзеге асырылуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр, ең бастысы, бұл локализация. Мұнай-газ саласында бутадиен өндіру бойынша өте маңызды жобаға қол қойылды. Шина зауыттары еліміздегі көлік шиналардың импортына тәуелділікті елу пайызға жояды.

Бірінші кезеңде шина шығаратын зауыт бір жарым миллионнан астам өнім шығарады. Дайын өнімнің үштен бірі қазақстандық нарықтың сұранысын қанағаттандыратын болса, қалғаны экспортқа шығарылады. 2025 жылға дейін кәсіпорын толық қуатқа шығады деп жоспарлануда.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров