АӨСШК саммиті әлем елдері бақылап отыр

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің VI саммитін әлем елдері де бақылап отыр. Сондай-ақ ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі мен «Орталық Азия-Ресей» саммиті өтеді деген жоспар бар, деп хабарлайды «Хабар 24»

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің саммиті әлем назарында. Кей ақпарат көздері ол көкейкесті мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді десе, кейбірі бұл саммит кеңеске мүше елдердің өзара ынтымақтастығын дамытады деген. Мәселен, Вашингтонның халықаралық саяси мәселелерді бақылайтын The Diplomat онлайн-журналы саммит туралы былай деп жазған:  

«Орталық Азия көшбасшыларының Ресейге бірқатар сұрағы бар. Әсіресе жақында жарияланған мобилизация және көрші елдерге ресейліктердің келуі күрделі мәселе болып отыр. Қазіргі уақытта Еуразия елдері арасындағы сенімділікті нығайту маңызды. Көптің көкейіндегі сұрақ: АӨСШК осы мақсатқа жету үшін платформа ретінде қаншалықты үлес қоса алады?».

Халықаралық шолушылар саммитте Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстар сияқты күрделі мәселелерді шешуге басымдық берілу керектігін алға тартады. Сонымен қатар өзара мүше елдердің қарым-қатынасын дамытуға  назар аударылуы тиіс деген мақалалар да жарық көрді. 

Саммит аясында АӨСШК-ны кеңестен тыс халықаралық ұйымға айналдыру бойынша нақты қадамдар жасалады деген жоспар бар. Сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, АӨСШК Азия континентінің 90% құрайтын мүше елдер арасында бейбітшілік пен диалог орнату үшін жаңа шешімдер қабылдауға ұмтылады.

Жаһанның БАҚ өкілдері бірауыздан: «Елімізде өтіп жатқан халықаралық іс-шараның өзектілігі зор және көптеген түйткілді шешуге серпін береді», – дейді. Геосаяси ахуал шиеленіскен кезде Астанадағы айтулы іс-шараға Түркия, Қатар және Ресей президенттерінің қатысуы алқалы саммитің салмағын арттыра түскені айқын.

Авторы: Мақпал Сержанқызы