Қаңтар оқиғасы: депутаттар рақымшылық жасау туралы заң жобасын қабылдады

Қаңтар оқиғасы: депутаттар рақымшылық жасау  туралы заң жобасын қабылдады

Бүгін Сенат депутаттары қаңтар оқиғасының қатысушыларына қатысты рақымшылық жариялау туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді құжат президенттің қол қоюына жіберіледі. Заңға сәйкес жазалаудан тек онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана босатылады. Ал, ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандардың жазасы тек қысқартылады. Заң нормаларына сәйкес мемлекетке опасыздық жасағандар, террористер мен экстремистер түзеу мекемелерінен босатылмайды.

Сенаторлардың айтуынша, рақымшылыққа шамамен 1 жарым мыңдай адам ілігеді және олар біртіндеп босатылады. Сондай-ақ Үкімет бұл азаматтарды жұмыспен қамтып, баспана мәселесін шешуге көмектеседі.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қабылданған заң Мемлекет Басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктермен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Сонымен қатар заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз.