Астана процесі: 19-раунд аяқталды

Астана процесі: 19-раунд аяқталды

Сирия мәселесі жөніндегі екі күнге созылған Астана процесі бүгін аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық келіссөздердің 19-раунды Таяу Шығыс еліндегі ахуалды тұрақтандыру мәселелеріне арналды. Ол қандай түйткілдер?

Сириядағы  гуманитарлық, әлеуметтік және экономикалық ахуал,  із-түзсіз жоғалғандарды іздеу мен кепілге алынғандарды босату бойынша сенім шаралары, сирия босқындарын елге қайтару. Елордадағы келіссөздердің 19-шы раундында осындай мәселелерге ден қойылды.  Астана процесіне жиылған Түркия, Ресей, Иран тарабы Таяу Шығыс еліндегі дағдарысты еңсеру жолдарын талдады. Ал Ирак, Ливан және Иордания мемлекеттерінің өкілдері Астана процесін жіті бақылады. Әрине, бір ғана дөңгелек үстелдің шеңберіне күрмеуі қиын мәселені шешу мүмкін емес көрінгенімен, біраз мәселенің басы қайырылды. 

Атап айтқанда,  тараптар Идлибтегі де-эскалация аймағындағы ахуалды зерттеп, оны тұрақтандыруға барынша атсалысу, Ефраттың арғы бетінде шоғырланған сепаратистерге қарсы тұру, сириялық босқындарға қажетті қолдау көрсету сияқты он шақты пункті көрсетілген қарар қабылдады. Жалпы, Сирияаралық дағдарысқа арналған халықаралық келіссөздердің 17-і Қазақстанның жерінде өткен. Астана форматы клесідей мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етті.

Әділ Тұрсынов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қарулы қақтығыстардың көлемі мен зорлық-зомбылық деңгейі едәуір төмендеді. Бес құрылым арасындағы шабуылдар азайды. Деэскалация аймақтары құрылды. Босқындарды азат етілген аудандарға орналастыру үшіг жағдай жасалды. Тұтқындарды алмасу процесі басталды.

Мәлім болғандай, бүгінге дейін Сирия үкіметі мен Оппозиция өзара 137 тұтқынды алмасқан. Тараптардың айтуынша, көрсеткіш аса көңіл көншітпейді. Десе де  осыншама азаматтың өз отбасымен қайта қауышқаны көңілге медеу. 

Александр Лаврентьев,  Сирия мәселесі жөніндегі РФ президентінің арнайы өкілі:

- Бұл халықаралық кездесуі Түркияның Сирия және Ирак аумағына әуе шабуылын ұйымдастырған тұста өтіп жатты. Бұл әрине дискуссиямызға ықпал етпей қоймады. Түркияның айтуынща, олар тек лаңкестік базаларды көздеген. Естеріңізде болса, Ыстабұлдағы тақауда болған террактіге сол лаңкестер жауапты деген еді. Астана алаңындағы мүмкіндікті пайдалана отырып, түрік әріптестерімізді әзірге онсыз да шиеленіскен аумақта шабуыл жүргізбеуге үндедік.       

19-раундты түйіндей келе, Сирия үкіметі, оппозициясы, Иран және Ресей делегацияларының басшылары Астанадағы диалог алаңына ризашылығын білдірді. Сирия мәселесіне арналған халықаралық кездесудің 20 раунды Астанада келер жылдың алғашқы жартыжылдығына белгіленді. Ендігі жиынды Ресей тарапы ұйымдастырмақ.

Авторлары: Бақыт Топтаева,  Ерлан Наурызбаев