Бір мандатты округтерде саяси бәсеке жоғары

Партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттардың орташа жасы 45-те. Депутаттыққа үміткерлердің арасында 16 этностың өкілі бар.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы айтты. Нұрлан Әбдіров, ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясы байқаушыларымен өткен онлайн кездесуде сайлау науқаны жайлы мәлімет берді. Комиссия төрағасының айтуынша, бір мандатты 29 округтен ұзын саны 609 кандидат сайлауға қатыспақ болған. Алайда заңның талап үддесінен шыққан 435-і ғана тіркелді. Осылайша орта есеппен әр мандатқа 15 кандидаттан таласқа түсті. Ең жоғары бәсеке Астана қаласында. Мұндағы екі округтың әрқайсысына 42 және 41 кандидаттан тіркелген. Бұдан бөлек, онлайн конференцияда сайлауалды үгіт-насихат, науқанды қаржыландыру және халықаралық байқаушыларды тіркеу жайлы мағлұмат берілді.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бүгінде аумақтарда 10 мың 223 округтік және учаскелік комиссия тіркелген. Бұл жолы сайлаудың аралас жүйесі іске асып жатыр. Сондықтан округтер есебінен комиссия саны біршама өсті. Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің де саны артты. Өткен сайлауларда 70 мың адам болса, бұл жолы олардың саны 86 мыңнан асты.