Қазақстан мен Қытай: Өзара сауда ұлғаяды

Қытай - Қазақстанның жалпы тауар айналымының 18%-тін құрайтын ірі сауда серіктестің бірі.

Көрші ел біздің экономикаға салынған инвестиция көлемі бойынша алғашқы бес мемлекеттің қатарына енеді. 2030 жылға қарай өзара сауданы 35 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Бұл жайында Әлихан Смайыловтың Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуінде айтылды. «Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласында айтарлықтай әлеуетіміз бар. Қазақстандық кәсіпорындар Қытайға азық-түлік тауарлары экспортын одан әрі арттырғысы келеді. Сондықтан кедергілер мен шектеулерді алып тастау маңызды», - деді Премьер-Министр. Чжан Сяо Қытай Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға, теміржол тасымалы көлемін ұлғайтуға, IT-сектордағы өңіраралық өзара іс-қимыл мен әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді. Қазақстандық компанияларға Қытайдың ірі сауда платформаларына және Қытай нарығына шығуға белсенді көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді. Кездесуде "Қорғас" кеден жұмысын қалпына келтіру, "Бақты" көлік өткізу бекетінде үшінші теміржол өткелін ашу жайы да сөз болды. Астана - Бейжің арасында аптасына үш әуе рейсін жандандыру жоспарланып отырғаны атап өтілді.