«Ауыл» партиясының кандидаттары әйелдер қауымын құттықтады

«Ауыл» партиясының өкілдері қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есіл жағалауында өткен бұқаралық шараға қатысып, әйелдер қауымына сый-құрмет көрсетті. Ақжаулықты аналар Атырау көпірінің үстімен жүріп өтіп, дәстүрлі әндерді шырқады. Жастар би билеп, ұлттық әшекей мен киім-кешекті дәріптеді. Сәні мен салтанаты жарасқан мерекелік шеру 1 сағатқа жалғасты. Кандидаттар сайлауалды-үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп, партияның бағдарламасын таныстырды.

Саяси ұйым мүшелері алдағы уақытта Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстарына барады.

Айнұр Жүгінісова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ жетекшісі:

- Құрметті қазақ елінің ақ жаулықты аналарын, әпкелерімізді, құрбы-құрдас замандастарымызды келіп жеткен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр қазақ әйелі бақытты болуға, бай болуға лайықты. Барлық жақсылықты тілеймін.