ОСК өкілдері Атыраудағы сайлауға дайындық барысын тексерді

Атыраудағы 269 сайлау учаскесінде 19 наурыз күні 2429 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Қазір олар толықтай оқыту семинарларынан өткен. Сайлаудың ерекшелігіне байланысты комиссия мүшелерінің де жүктемесі едәуір артып отыр. Бұған дейін 1 бюллетень болса, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында сайлаушыға 5 бюллетень беріледі. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері саяси науқанға дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстағы 269 сайлау учаскесінің 11-і – денсаулық сақтау нысандары мен әскери бөлім, сондай-ақ уақытша қамау изоляторында орналасқан жабық учаскелер. Өңірге келген Орталық сайлау комиссиясының мүшелері алдымен облыс орталығындағы және Исатай ауданындағы сайлау учаскелерінің дайындығымен танысты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз келуі де басты назарда. Сайлаудың ерекшелігіне байланысты кейін комиссия мүшелерінің де атқаратын қызметіне қатысты мәселелер қаралды. Оларға арнайы семинар-кеңес өткізілді.

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Аймаққа келгендегі мақсат – практикалық кейстарды талқылап, егер бір сайлау кезінде жағдайлар қалыптасып қалса, соны шешу жолдарын бірге іздеу. Жалпы, оқудың әртүрлі формаларымен 88 мыңның үстінде сайлау процесіне қатысатын адамдарды оқытып шықтық.

Семинар-кеңеске қатысқан комиссия мүшелері мен байқаушылар, сондай-ақ кандидаттардың сенімді өкілдері өз ұсыныстарын да жеткізді. Жиыннан кейін комиссия мүшелеріне арналған практикалық семинар өтті. Онда байқаушылар мен сайлау комиссиясының міндеті түсіндірілетін қойылым қойылды.

Азамат Айманакумов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Каскадтық әдіспен оқытуда барлық 2429 комиссия мүшесі қамтылды. Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясымен қашықтан оқыту курстарын барлық деңгейдегі комиссия мүшелері оқып, сертификаттарын алды.

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Қазір мұнайлы өңірде 445 кандидат тіркелген. Оның 12-сі Мәжіліс депутаттығынан үмітті. Өңірдегі өндірістік орындарда вахталық режиммен жұмыс істейтін жұмысшылар да саяси науқаннан қалыс қалмайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.