Қ.Тоқаев Ұлыбританияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлиді қабылдады.

Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Джеймс Клеверлиге ілтипат білдіре отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін оның бүгінгі сапарының мәні зор және өңірлік ауқымдағы маңызды оқиға екеніне назар аударды.

"Біздің ынтымақтастығымыз әсіресе экономика және саяси салаларда өте табысты деп баға бергім келеді. Өзара байланыстарымыздың оң бағытын одан әрі ілгерілету үшін қосымша күш-жігер жұмсауымыз керек", – деді Президент.

Премьер-министр Риши Сунаққа сәлемі мен ізгі тілегін де жолдады. Сондай-ақ Ұлыбритания Үкіметінің басшысын, елімізге, өзіне ыңғайлы кез келген уақытта сапармен келуге шақырды. Ал Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі  Астана мен Лондон арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Ұлыбритания Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды оң бағалайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Мен Сіздің жақында Сыртқы істер министрлігінде сөйлеген сөзіңізді тыңдадым. Онда Ұлыбританияның сыртқы саясаттағы ұзақ мерзімді ұстанымы қамтылды және шын мәнінде, өте маңызды мәселелер айтылды. Біздің ынтымақтастығымыз, әсіресе, экономика және саяси салаларда өте табысты деп баға бергім келеді. Өзара байланыстарымыздың оң бағытын одан әрі ілгерілету үшін қосымша күш-жігер жұмсауымыз керек. 

Джеймс Клеверли, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі:

- Сіздің еліңіз – аймақтағы біздің негізгі сауда серіктесіміз. Экономикалық өсімге бағытталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында бірлесіп жұмыс істеу үшін жақсы мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан салық саласындағы реформалар бағдарламасы өзара тиімді экономикалық қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын.