Сайлау аралас жүйе бойынша өтеді

Парламент сайлауына барлық 7 саяси партия қатысып жатыр. Оның екеуі партия туралы заңнамаға өзгерістер енгеннен кейін тіркелді. Сондықтан саяси ұйымдар арасындағы бәсекелестік – бұл сайлау кампаниясының негізгі элементі. Мәжіліске партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша барлығы 892 азаматтың кандидатурасы ұсынылды. Орта есеппен 1 мандатқа 9 үміткерден келеді. Бұрын қалай болды? Бүгінгі сайлаудың басты ерекшелігі неде?

Елде бүгін науқан. Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек. Бүгінгі саяси дода аралас жүйе бойынша өтеді. Ең басты артықшылығы – осы.

Мұндай жүйе бізге таңсық емес. 1999 жылдың күзінде Мәжіліс депутаттары алғаш рет осы аралас жүйемен сайланды. Соңғы рет мұндай жолмен сайлау 2004 жылы өтті. Содан бері партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да бара алмады. Жүйе биыл өзгерді.

Индира Рыстина саясаттанушы:

- Біз аралас сайлау жүйесіне өттік. Пропорционалды жүйемен бізде 70% депутат сайланады да, 30%-і мажоритарлы жүйемен сайланады. Мәслихат сайлауларына келетін болсақ, бұрындары бізде мәслихаттың сайлауы партиялық тізіммен жүретін болса, қазіргі кезде облыстық мәслихаттар 50/50, 50% партиялық тізім, 50% мажоритарлы жүйе арқылы сайланады. Ал аудандық, қалалық деңгейдегі мәслихаттар толығымен мажоритарлы жүйе арқылы сайланатын болады. Яғни, күрделі өзгерістер осы жерден орын алды.

«Аралас сайлау – барынша жиі кездесетін тәжірибе. Бүгінде бұл жүйе әрісі Жапония, Германия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Италия, Мексика, берісі Ресей, Грузия, Қырғызстанда бар. Қоғам тынысын аңдасақ, пайым-пікір сан қилы. Сарапшылардың сөзінше, саяси сауатты азаматтар аралас сайлаудың артықшылығын жақсы түсінуге тиіс.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

- Партия мен бір мандатты оукругтер сайланған депутаттың ортасында үлкен бәсекелестік болады. Себебі екеуі де – біреуі партия үшін, біреуі аймақ бір-бірімен бәсекелеседі. Одан кейін парламентке келген депутаттар мынаны ұмытпау керек, оларды кері қайтару механизмі соларға қатысты болады. Яғни, оларды кейін әсіресе бір мандатты округтер сайланғандарды халық оларды қайтарып алады. Ол жұмысқа қатты әсерін тигізеді. Егер депутат аймақпен тығыз дұрыс жұмыс істемесе. Бұл механизм бірінші рет болады осы жаңа сайланған Парламент бойынша.

Не керек, 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады. Демек 98 депутаттың 29-ы мажоритарлық жүйемен келеді. Сондай-ақ әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 проценттік квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады.

Тағы бір жаңалық, алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енгізілді. Сондай-ақ бұл сайлауда үміткерлерге партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан ғана емес, өзін өзі ұсынуға мүмкіндік берілді. Бүгінгі сайлаудың ең басты ерекшеліктері – осы.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ақылбек Есемсейітов.