Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы сайлауға қатысты пікірін білдірді

Саяси реформалар демократиялық даму жолындағы ынта-жігерді арттырады. Елімізде өтіп жатқан саяси науқан жөнінде халықаралық сарапшылар пікірі осыған саяды. АҚШ, Германия, Қытай және Ресейлік саясаттанушылардың сайлауға қатысты ой-толғамын білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр Президент сайлауында халықаралық тәуелсіз байқаушы міндетін атқарған АҚШ-тағы Ньюлайн сараптамалық институтының директоры Камран Бохаридің сөзінше, тарих беттеріне таңбадай басылған «Қаңтар оқиғасынан» кейін, саяси-әлеуметік реформа жүргізу орынды. Әрі бұл қадамдар мемлекеттің алға жылжуына ұмтылысын білдіреді.

Камран Бохари, Newline сараптамалық даму институтының директоры:

- Тоқаев әкімшілігі өте батыл тұрғыда әрекет етіп жатқанын байқаймын. Бұл қадамдар дәл қазір елге қажет. Әсіресе сайлау туралы заңдар мен конституциялық өзгерістерге қатысты реформаларға біз назар аударып отырмыз. Менің ойымша, Президент мерзімін шектеу, Парламент сайлауы барлығы Қазақстанды заманауи республикаға айналдыру тұрғысынан алға жылжыту және ынталандыру ниетін көрсетеді.

Германия сарапшылары да Парламенттік сайлаудың дайындығы мен өту барысын мұқият қадағалап отыр. Тәжірибелі дипломат және профессор Дитер Боден Қазақстандағы реформалар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті. Сайлауға түсіп жатқан 7 партия тізімінде жас партиялардың болуы Парламентте жаңа пікір қалыптастырады, - дейді ол.

Дитер Боден, Германияның ЕҚЫҰ-дағы бұрынғы елшісі, саяси кеңесші:

- Біздің Германия парламентінде 5 партия бар. Ал Қазақстанда өтетін сайлауға 7 партия қатысады. Менің ойымша, бұл – саяси пікір алуандығының көрсеткіші. Егер демократия мен құқықтық мемлекет туралы айтатын болсақ, онда Қазақстан оң бағытта. Даму жолында ілгері қадам басу үшін барлық жағдай жасалған.

Ал Қытай саясаттанушыларының пікірінше, аралас сайлау жүйесін енгізу төменгі палата жұмысын жандандырады. Сонымен қатар бұл – биліктің тұрақтылыққа деген сенімінің көрсеткіші.

Ли Юнцюань, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Еуразияны дамыту институтының директоры:

- Кезектен тыс сайлау – әділ Қазақстанның стратегиясына сәйкес өткізіліп отырған, елдегі саяси жаңғыртудың соңғы кезеңі. Осы тұрғыдан алғанда, бұл оқиғаның маңызы жоғары. Мәжіліс әділ Қазақстан стратегиясын іске асыруға заңнамалық кепілдік береді деп ойлаймын.

Партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету саяси бәсекелестікті күшейтті. Ресейлік саясаттанушы Дарья Чижованың ойынша, тіркеу шегінің төмендеуі Қазақстанның саяси өрісін жаңартты. Ал өзін-өзі ұсынушылардың сайлауға қатысуы халық сенімін арттыра түспек. 

Дарья Чижова, Экономика жоғары мектебінің сарапшысы:

- Соңғы реформалар референдум аясында өзгерген демократиялық институттар арқылы және халық үніне құлақ асатын мемлекеттің кейінгі реформалары аясында өз ерік-жігерін тікелей көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Осы ауқымды саяси реформалар, менің ойымша, Қазақстанға турбулентті әлемде тиімді даму үшін берік негіз.

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Нұрбек Бекен, Шолпан Найманбаева, Ботагөз Сырғабаева, Дана Нұржан.