Павлодарда сайлау күні қатынау тегін болады. LIVE

Мәжіліс пен  мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге Павлодар облысы тас-түйін дайын. Таңғы сағат 7-де аймақта 500-ден астам  сайлау учаскесі жұмысын бастады. Әдетте өндірісті өлкенің тұрғындары кез-келген саяси науқанда белсенділік танытып жатады. Бұл жолы да солай болатынына сенім мол, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Біз №11 сайлау учаскесінде тұрмыз. Ол Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында орналасқан. Тұрғындардың белсенділігі жоғары екенін атап өту керек. Сайлау учаскесінің есігі ашылған сәттен-ақ бір топ адамның кіріп келе жатқанын көзіміз шалды. Әнұран шырқалып, дауыс беру үрдісі салтанатты жағдайда басталды. Бірінші болып өз таңдауын жасаған адамға сыйлық табыс етілді. Сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, №11 сайлау учаскесінде  электорат саны 2 мыңнан асады. Олардың екеуі – бүгін алғаш рет дауыс бергелі отырған жастар.

Сонымен қатар 4 адамның туған күні  осынау еліміз үшін саяси маңызды оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Олар да сайлау учаскесінен құр қол қайтпайды. Ал дауыс берушілердің жасы әрқалай. Ең үлкені – 94 жастан асқан кейуана. Дауыс беру жәшігі ол кісінің үйіне апарылады.

Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауына Павлодар облысының  тыңғылықты дайындалғанын атап өткім келеді. Бүгін автобус, трамвайларда жол жүру тегін болады. Сайлау учаскелеріне жету үшін Ақсу мен Екібастұз қаласының тұрғындары да жол ақысын төлемейді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инватакси қызметі ұсынылған.

Жалпы, облыс бойынша сайлаушылар саны 512 мыңнан асады. Біз тұрған №11 сайлау учаскесінде дауыс берушілердің көбі орта жастан асқан азаматтар екен. Бұрынғы тәжірибелер көрсеткендей, олар кешкі сағат 18:00-ге дейін толық дауыс беріп үлгереді. Ал саяси науқанның өту барысын  қадағалау үшін өңірге Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы атынан Халықаралық байқаушылар келген. Олар тек облыс орталығында ғана емес, 2 қала мен аудандардағы сайлау учаскелеріндегі ахуалмен танысады.