Түркістан облысы – еліміздегі сайлаушылары ең көп өңір. LIVE

Мұндағы 941 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден өз жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жандос Жұмабек, тілші:

- Біз қазір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орналасқан №133 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда тіркелген сайлаушылардың саны 2381-ді құрайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, таңнан бері дауыс беру үшін келіп жатқан адамдардың қарасы қалың.

Олардың арасында өмірінде алғаш рет дауыс беріп отырған 1 курс студенттері, ардагерлер мен зиялы қауым, мұғалімдер мен дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен әскерилер, көпбалалы отбасылар мен этно-мәдени бірлестік өкілдері және қала тұрғындары бар. Мұнда дауыс беруге келген сайлаушыларға наурыз көже мен ыстық бауырсақ таратылды.

Халық бұл сайлаудың өзгеше екені айтып жатыр. Себебі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңадан сайланады. Оның үстіне Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы бірге өткізіліп жатыр. Облыста сайлауға 1131 кандидат түсіп жатыр. Олардың 19-ы Мәжіліс депутаттығына үміткер.  Ұсынылған кандидаттардың ең жасы 21-де болса, ең үлкені 70-жаста.

Жалпы, облыс бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 1 млн 168 мыңнан асады. Біз дауыс беруге келген тұрғындардың пікірін білген едік. Бірге тыңдайық. 

Әбдімәлік қажы Әбдірахман, қала тұрғыны:

- Бұл – әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызды шара. Ең бастысы, еліміз тыныш болсын. Қазақстандағы бүкіл халық маңызды таңдау жасайды деп ойлаймын.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Түркістан облысында 941 сайлау учаскесі бар. Олардың барлығында сайлаушылардың дауыс беруіне толық жағдай жасалған. Ал сайлаудың әділ әрі заң шеңберінде өтуін үміткерлердің сенімді өкілдері мен байқаушылар мұқият қадағалап отыр. Олардың арасында халықаралық байқаушылар да бар.