Еуразия ұлттық университеті де сайлаудан шет қалмады

Ел тарихындағы айшықты сайлаудан Еуразия ұлттық университеті де тыс қалмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордадағы №1 учаскеде 3000-нан аса адам тіркелген. Оның дені – белгілі оқу ордасының оқытушылары. Зиялы қауым, елімізде басталған саяси өзгерістерге қолдау көрсету керек деген пікірде. Әсіресе әлеуметтік топтарды түгел қамтуды көздеген аралас сайлау жүйесінің енгізілуі, олардың сеніміне серпін берді.

Серік Негимов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

- Халық мемлекеттің тағдырын ойлау керек. Мемлекет халықтың жағдайын ойлау керек. Ел қалаулылары ішіндегі таңдаулыларды таңдау. Мен тарихи таңдауымды жасадым. Себебі осы біздің жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды көркейтуге, өркендетуге жан-тәнімен қызмет ететін және шындық алдында сөзін айта алатын  тұлғаларға өзімнің дауысымды бердім.

Серікзат Дүйсенғазы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі:

- Әрбір Қазақстанның азаматы демократиялық құндылықтарды құрметтеуі керек. Сол үшін мен өзімнің дауысымды беріп, таңдауымды жасадым. Барлық партиялардың, жеке өзі түсіп жатқан тұлғалардың бағдарламаларымен таныстым өзіме ұнаған бағдарламаға дауыс бердім. Енді сайлаушы ретінде келешекте соны талап ететін боламын. Еліміздің өркедегені, еліміздің демократиялық құндылықтарды сақтағаны, әлемдегі өркениетті елдердің қатарына кіргені маған қажет. Мен оған мүдделімін, себебі менің ұрпағым осы елде өседі.