Депутаттар Президент тапсырмасын орындау үшін күш біріктіреді

Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындауда күш біріктіру қажет.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары палата Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп әрекет ететінін айтты. Сенаторлар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекара тәртібі туралы келісімді ратификациялап, бірқатар сауалдар жолдады. Атап айтқанда, депутаттар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек үстемеақысына мониторингті күшейтуді талап етіп, өнімдердің нарыққа түсуінен бастап тұтынушыларға сатуға дейінгі сауда процестерін цифрландыру қажеттігін атады. Сондай-ақ оңтүстік өңірлердегі ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру жөніндегі жобалардың тұрақты қаржыландырылмауын сынға алды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз елімізде ауқымды саяси өзгерістердің алғашқы кезеңі аяқталғанын атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта қоғамдық экономикалық қатынастарды жандандыру қажет екенін айтып, осы бағыттағы негізгі мақсат-міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысы өңірлердегі бірінші кезекте шешуді талап ететін мәселелерге Үкіметтің және жергілікті биліктің назарын аударды. Сенат қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайтын болады.