Президент «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы екінші кездесуге қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы екінші кездесуіне қатысты.

Мұндай форматтағы саммит алғаш рет күзде Астанада өткен болатын. Бұл жолы жиынға Түркіменстан президентінен өзгесі түгел қатысып, Еуроодақ Кеңесінің президенті Шарль Мишельмен саяси, экономикалық мәселелерді бір пысықтап алды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Былтыр Қазақстанның Еуроодақ елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард доллар болса, ендігі меже алдағы екі жылда бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізу. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ғана емес, аймақ елдері үшін теңдей тиімді болатын ынтымақтастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент ең алдымен тауар айналымын ұлғайту мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атады. Президенттің пайымынша, қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Биыл наурыз айында Microsoft компаниясы Қазақстанда озық технологияларды тарту орталығына айналатын Мультиөңірлік хаб ашқаны туралы жарияланды. Біз 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндетін қойдық. Сондықтан Еуропа университеттерін Қазақстанда, оның ішінде маңызды өңірлік IT алаңға айналған Astana Hub технопаркі базасында филиалдар ашуға шақырамын. Жалпы біз цифрландыру саласындағы өз әзірлемелерімізді кеңейтуді және өңірлік деңгейде цифрлық хаб ретінде тәжірибемізді бөлісуді жоспарлап отырмыз.