Смайылов: Президент Жолдауында берілген тапсырмалар орындалды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысты.

Ол жиын барысында Президенттің бұған дейінгі жолдауларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру мақсатында 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама шеңберінде инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларының кең спекторы қолданылады. Инвестициялық келісімшарт аясында басым секторларда жұмыс істейтін компаниялар салық пен кедендік баждардан босатылады, заттай гранттардан алады. Ірі инвесторларды тарту үшін қолданыстағы мемлекттік қолдау шараларының кез келгенін ұсына отырып, жеке шарттармен Инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі көзделген. Бұл ретте инвестор үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді – дейді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу мүмкіндігі енгізіліп, онда салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік береді.

Мұнай-газ саласына қосымша инвестиция тарту мақсатында 2023 жылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт жасасу кезінде фискалдық ынталандыру енгізілді. Бірқатар шетелдік кәсіпорындарды Қазақстанға релокациялау бойынша жұмыс аясында бүгінде 35 ірі шетелдік компания елімізге көшіп келді. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі пысықталуда. Қабылданған шаралардың арқасында 2022 жылы тікелей шетелдік инвестиялардың көлемі 28 млрд долларға жетті. Бұл 10 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш. Жалпы былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн. теңгені құрады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 35%-ке көп – дейді Әлихан Смайылов.

Ол пандемия мен күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында ел экономикасы сенімді өсім көрсеткенін атап өтті.

Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,8%-ке жеткен. Биыл экономиканың өсімі 5% деңгейінде болады деп болжанды. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады. Биыл Жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13,3 мың долларға дейін өсті. Сыртқы сауда айналымы биыл 140 млрд долларға дейін ұлғаяды. Қазір еліміздің халықаралық резерві 95 млрд доллар. Инфляция біртіндеп төмендеуде. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда жылдың соңына дейін 2 есе төмендейтін болады – деді Премьер-министр.

Ол Мемлекет басшысының алдыңғы жолдауларда берген тапсырмалары жалпы орындалды деп айтуға болатынын жеткізді.

Жүйелі және ұзақ мерзімді тапсырмаларды іске асыру жалғасуда. Жаңа және әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды қадам жасалды деп ашық айтуға болады. Бүгін мен бірқатар жұмыс нәтижелеріне ғана тоқталдым. Жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Үкімет Парламентпен бірлесіп, алға қойылған міндеттерді іске асыру жұмысын жалғастырады – деді Әлихан Смайылов.