Қ. Тоқаев Е. Рыбакинаны жеңісімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны Австралияда өткен беделді жарыстағы сенімді жеңісімен құттықтады.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында хабарлады. Мемлекет басшысы Уимблдон турнирінің чемпионына жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді, делінген жазбада.

Айта кетейік, Елена Рыбакина Австралияның Брисбен қаласында өткен WTA 500 турнирінде топ жарды.

Отандасымыз ақтық бәсекеде белорусиялық Арина Соболенкодан басым түсті. Бірінші сетта Елена 6:0 есебімен қарсыласын ойсырата жеңсе, екінші сет 6:3 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Енді осы нәтижеден кейін Елена әлемдік рейтингте үздік үштіктің қатарына енеді дейді сарапшылар.