Қазақстан – Әзербайжан: Ынтымақтастықтың жаңа дәуірі

Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне қадам басты.

Екі ел тұтас континетті байланыстыратын ірі логистикалық жобаларды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға мемлекеттік сапары алдында АПА ақпарат Агенттігіне берген сұхбатында айтылды. Мақала бүгін агенттіктің электрондық ресурсында жарияланды. Президент Қарабақты қайта қалпына келтіру, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы мәселесіне де тоқталды. Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызына ерекше назар аударды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қазақ пен Әзербайжан тарихы тамырлас, ағайыны бауырлас халық. Екі жұрттың тілі де, діні де, ділі де ұқсас. Мәдениетіміз де ежелден біте қайнасып жатыр. Ғасырлар бойы жалғасқан осы қатынасқа екі тарап қарқын қосқысы келеді. Мұны Президент те сұхбат барысында атап өтті.

Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жайына баға берді. Тарихи бауырластық, көпжылдық жемісті ынтамақтастық һәм жаһандық аренадағы өзара қолдау қос ел байланысының берік іргетасы екенін жеткізді. Сондай-ақ, бұл істе қазақ пен әзербайжан басшыларының сенім мен достық қарым-қатынасы да маңызды рөл атқарады. «Менің Әзірбайжанға 2022 жылы ресми сапарым Баку мен Астананың серіктестігіне серпіліс берді», - деді Мемлекет басшысы.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір екі елдің қарым-қатынасы қарқынды. Саясат, сауда-экономика, транзит-көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы байланыстарды арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Бұған қоса іскерлік және сараптамалық кеңестер құрылып, жұмыс істейді. Бакуге сапарым барысында біз Жоғары Мемлекетаралық кеңестің жұмысын бастаймыз және оның алғашқы отырысын өткіземіз.

Соңғы бір жарым жыл ішінде 40 маңызды құжатқа қол қойылған. Алдағы сапарда бұл келісімдер еселенеді. Тиісінше, байланыс та нығая түседі. Экономикадағы серіктестікте де серпіліс бар. 2020 жылдан бері екі елдің тауар айналымы 5 есе ұлғайды.

Қазақстан – Әзербайжан байланысы

40 құжатқа қол қойылды

Тауар айналымы 5 есе өсті

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдеріміз үшін де, өңір үшін де маңызды бірқатар жобалар бар. Атап айтсақ, Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін кеңейту, Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық байланыс желісін және энергетикалық кабель төсеу, Әзербайжан арқылы мұнай мен уран экспорттау, Қазақстан бидайын Әзербайжан нарығына жеткізу көзделіп отыр. Бірлескен бастамалар мәдени байланыстарды нығайтып, туристік ағынды арттыруға бағытталған. Біздің ортақ мақсатымыз – стратегиялық тұрғыда берік қарым-қатынас орнату. Бірлескен күш-жігермен осы мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Аладғы сапар барысында қазақ халқының сыйлығы болған Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар өнер орталығы ресми ашылады. Қазақ компаниялары өзге де жобаларға атсалысуға ниетті.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірлескен күш-жігердің арқасында Қарабақ жаңаша түрленіп, Әзербайжанның жасампаз саясатының келбетіне айналатынына сенімдімін. Аймақтың инфрақұрылымын қалпына келтіру тек Әзербайжанның ғана емес, бүкіл Оңтүстік Кавказдың дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт шарттың жасалуына мүдделі екенін атап өткім келеді.

Бауырлас елдердің байланысы сөз болғанда Түркі мемлекеттері ұйымын атап өтпеуге болмас. Президент ұйымның халықаралық аренадағы беделі артып жатқанына тоқталып, әлеуеті ораcан зор деген баға берді. Бұл сөзге ешкім шүбә келтірмес. Сандарды сөйлетсек, ұйымның жалпы аумағы шамамен 4,5 млн шаршы шақырым. Ал жалпы ішкі өнім - 1,5 трлн доллардан асады. Халық саны - 160 млннан көп. Ұйым ішіндегі тауар айналымы 40 млрд доллардан асса, әлем елдерімен тауар айналымы 1,3 трлнға жетті. Бұл іске бірлесвкен жобалар серпіліс әкеледі. Соның бірі –  Транскаспий дәлізі.

Түркі мемлекеттері ұйымы

Жалпы аумағы – 4,5 млн шаршы шақырым

ЖІӨ – $1,5 трлн

Халық саны – 160 млн

Ұйым ішіндегі тауар айналымы –  $42,3 млрд

Әлем елдерімен тауар айналымы – $1,3 трлн

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі геосаяси жағдайда екі елдің трансконтинентальдық сауданы ілгерілету мен дамытудағы рөлі жылдам өсуде. Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың географиялық орналасуы да ерекше. Сондықтан Қазақстан да Әзербайжан сияқты, көліктік-логистикалық әлеуетті нығайту үшін белсенді саясат жүргізеді. Бұл біз үшін стратегиялық міндет екенін жасырмаймын. 2030 жылға дейін 11 мың шақырымды жөндеп, 5 мың шақырымнан астам жаңа теміржол салуға ниеттіміз.

2022 жылы осы бағыттағы жүк тасымалы 2 есе өсті. Былтыр тағы 65 пайызға артып, 3 млн тоннаға дейін жетті. Бұл сан алда 10 млн тонна жүкке дейін жетеді. Қазақ басшысы бұл меженің орындалуына сұраныс та, технологиялық мүмкіндік те бар екенін айтты.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл бағытта ең соңғы үлгідегі соңғы цифрлық технологиялар қолданылады. Бұған сингапурлық көпұлтты PSA компаниясы атсалысады. Біз Huawei, Wabtec, Alstom сияқты әлемдік компаниялармен тығыз байланыс орнатамыз. Олар саланы бәсекеге қабілетті әрі тиімді етеді. Бағыттың әлеуеті зор. Қазақстан мен Әзербайжанның осы маңызды жобаны жүзеге асырудағы рөлі өте маңызды.

Президент Каспий теңізінің экологиясына да ерекше мән беретінін атап өтті. Теңіз деңгейінің төмендеуі, каспий итбалықтарының популяциясын сақтау сынды маңызды жұмыстар жүргізіледі.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Табиғатты сақтау үшін ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік алып отырғанымызды атап өткім келеді. Біз Каспийге ұқыпты қарауды ұмытпауымыз керек. Менің тапсырмам бойынша биыл Каспий теңізінің экологиялық мәселелерімен айналысатын ғылыми-зерттеу институты құрылды. Мұндай ұйымдар теңіз жағасындағы басқа елдерде де бар. Осыған байланысты біздің ғалымдардың күш-жігерін біріктіру маңызды.

Одан бөлек, сұхбатта энергетика мен жасыл экономикадағы екі елдің бірлескен жобалары айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесіне де алаңдаушылық білдірді. Сұхбат соңында әзербайжан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.

Авторы: Бекзат Аманов