Екі ел Президенттерінің бейресми кездесуі

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 2034 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданады.

Бұл мәселені бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу барысында талқылады. Қазақ басшысы ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударып, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын мәлімдеді. Қазір арадағы сауда-саттық 4,4 миллиард долларға жеткен. Бүгінде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба да бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 2034 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау бастамасын қолдады. Сондай-ақ кездесуде Мемлекеттер басшылары өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.