Моуринью «Рома» клубын басқарады

Моуринью «Рома» клубын басқарады
Sportbox

Жапонияның Токио қаласында суға секіруден әлем кубогі өтіп жатыр.

Аталған бәсекеде Қазақстан сапынан Елизавета Борова қатысты. Өкінішке қарай, жерлесіміз Олимпиада жолдамасынан қол үзіп қалды. Ол 10 метр биіктіктен секіруде 36-орын алды.

«Манчестер сити» финалға өтті

Чемпиондар Лигасының жартылай финалында «Манчестер сити» өз алаңында «Пари Сен-Жермен» командасын қабылдады. Қарымта матчта ағылшындықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Хосеп Гвардиола шәкірттері тарихта алғаш рет турнирдің финалына жолдама алып отыр. «Мансити» сапынан жартылай қорғаушы Рияд Марез алғаш болып есеп ашты.

Араға біраз уақыт салып, Марез қарсыластың қақпасына екінші голды кіргізді. Қара үзіп кеткен ағылшындықтарды қуып жету Париждік клубқа оңай болмады. Оның үстіне, жартылай қорғаушы Анхель Ди Мариянының алаңнан қуылуы да ұжымға әсер еткен сыңайлы. Бірінші кездесуде де «Ман сити» 2:1 есебімен басым түскен еді. Айта кетейік, финалдық ойындар 29 мамырда өтеді. Алда әлі «Реал» мен «Челси» ойыны бар. Жеңіске жеткені финалда «Ман ситимен» шеберлік байқасады.

А.Бублик үшінші айналымға шықты

Испаниядағы «Мастерс» турнирінде Александр Бублик үшінші айналымға шықты. Қазақстанның бірінші ракеткасы жарыстың басты фавориті канадалық Денис Шаповаловты шаң қаптырды. Бублик бірінші және үшінші сетте 6:4 есебімен басым түсті. Жерлесіміздің ширек финалдағы қарсыласы бүгін Диего Шварцман және Аслан Карацев кездесуінде белгілі болады. Еске сала кетейік, турнир 9 мамырға дейін жалғасады. Бәске тігілген сома 2 жарым млн евро.

Моуринью «Рома» клубын басқарады

Жозе Моуринью Италияның «Ромаcын» жаттықтырады. Португалиялық маманмен келісім жасасқаны туралы клуб ресми сайтында жазды. Жаңа бапкер жұмысын келесі маусымнан бастайды. Уағдаластық 2024 жылға дейін есептелген. Бұған дейін римдіктердің тренер Паулу Фонсекамен қош айтысқаны мәлім болған еді. Ол Мәскеудің «Спартак» командасына баруы мүмкін. Ал Моуринью өткен айда ғана ағылшындық «Тоттенхеммен» ат құйрығын үзісті. Мауринью Италияның «Интерін» де басқарғаны есте. Бұл тұста команда екі мәрте Италия чемпионатының жеңімпазы атанып, Чемпиондар Лигасында да топ жарды.