Баянауылдық жігіттер 330 шақырымдық ультрамарафонға шықты

Баянауылдық жігіттер 330 шақырымдық ультрамарафонға шықты

Павлодар облысы Баянауыл ауданының тұрғындары Нұрсұлтан Бірлік пен Олжас Кәкімжанов Семейден жүгіріп шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос желаяқ бұл марофонда 330 шақырымды 44 сағаттың ішінде еңсеруді көздеп отыр. Олар бұл шараны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырып, оның нәтижесі қазақстандық Гиннестің рекордтар кітабына енеді деген үмітте. Еліміздегі осыған дейінгі жетістік 320 шақырым болатын. Оны қарағандылық Заңғар Әлкенов бағындырған. Нұрсұлтан Бірлік Баянауыл аудандық ауруханасында дәрігер-реабилитолог болып еңбек етеді. Ал Олжастың мамандығы дене тәрбиесі мұғалімі, Майқайыңдағы орта мектепте жұмыс істейді. Қос спортшы Павлодарға 17 қыркүйек күні жетуді жоспарлап отыр.

Нұрсұлтан Бірлік, Баянауыл аудандық ауруханасының дәрігері:

- Жалпы жүгіріспен, спортпен негізі мектеп кезінен айналысамыз. Ал ұзақ қашықтықта жүгіруді осы 3-4 жыл бұрын бастадық. Ең жаттығу жүгірісіміз 120 шақырым болды. Баянауылда жүгірдік. 120 шақырым 14 сағатта өзіміз жаттығу ретінде еңсеріп шықтық. Дәрігер болған соң мұның қандай пайдасы бар екенін қазіргі індетке күресте иммунитетті арттыруға септігін тигізеді. Адамның қолынан барлығы келетіні, яғни, алға қойған мақсатқа жету керектігін, адамның тоқтамай тек қана биік шыңдарға жас ұрпақты осындай мақсатпен бағыт-бағдар көрсету болып табылады негізгі мақсатымыз.

Олжас Кәкімжанов, Майқайың орта мектебінің мұғалімі:

- Бүгін міне, Абай атамыздың жерінен старт алып, өзіміздің Павлодар елді мекеніне аман-есен жетсек деген ойымыз бар. Барша қазақ елін Алла жазса, жаңа рекордпен қуантамыз деген ойдамыз.