Бокс: қоржында қос медаль бар

Бокс: қоржында қос медаль бар

Болгария астанасында бокстан халықаралық турнир жалғасып жатыр. 2 cпортшымыз финалда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен 73-рет ұйымдастырылған «Странджа» бәсекесі жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Жарыстың кезекті күні 2 боксшымыз жартылай финалға жолдама алып, қоржынға 2 медаль салды. Атап айтқанда, ауыр салмақтағы Абзал Құттыбеков соңғы жекпе-жегінде әлем чемпионатында жүлде алған испаниялық боксшыны ұтып, жарыс жолынан шығарып тастады. Әйелдер арасында дәл осындай жетістікке 81 келідегі Ләззат Күнгейбаева қол жеткізді. Бұған қоса, ширек финалда бағын сынайтын ерлер арасында 13, әйелдер арасында 12 спортшымыз бар. София қаласындағы турниндің жалпы қорытындысы 29 ақпанда белгілі болады.

Айта кетейік, биылғы бәсекеге 36 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды.

КУКУШКИН ЕКІНШІ АЙНАЛЫМҒА ӨТТІ

Дәл қазір Францияда теннистен халықаралық турнир өтіп жатыр. Қазақстандық Михаил Кукушкин бірінші кезеңде чехиялық Иржи Лехечкамен кездесіп, айқын басымдықпен ұтты. Қортынды есеп:  6:0, 6:2. Енді ол жергілікті Мануэль Гинармен жолығады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕННИС ТУРНИРІ

Құламбаева ширек финалға шықты. Елордада теннистен әйелдер арасындағы халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні 6 қызымыз жұптық сында өнер көрсетті. Араларынан қазақстандық Жібек Құламбаева мен польшалық Мартина Кубка жұбы қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, келесі кезеңге өтті. Басқа жерлестеріміздің жолы болмады. Ал, жекелей сында 4 теннисшіміз сынға түседі. Жеребе тарту нәтижесінде Жібек Құламбаева ресейлік, Гозаль Айнитдинова грузиялық, Аружан Сағандықова бельгиялық және Екатерина Дмитриченко жапониялық спортшылармен жолығады. Ал, Сандуғаш Кенжебаева мен Софья Чурсина іріктеу сынынан өте алмады. Халықаралық турнир 27-ші ақпанға дейін жалғасады. Ал, оның жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды.

СПОРТШЫДАН ДОПИНГ ТАБЫЛДЫ

Бейжің олимпиадасы аяқталды. Бірақ оның төңірегіндегі дау басылар емес. Бұл жолы тағы бір мәнерлеп сырғанаушыдан допинг табылды. Испаниялық Лаура Баркероның сынамасы оң нәтиже көрсетті. Ол жерлесі Марко Дзандронмен бірге жұптық сынға қатысқан болатын. Айта кету керек, жұптық сында Испания спортшылары алғаш өнер көрсетіп тұр. Қысқа бағдарламадан кейін олардан допинг сынама алынды. Енді одан тыйым салынған препарат анықталып отыр. 20 жастағы Баркероның мәселесін алдағы уақытта спорттық арбитражы сот қарап, тиісті шешімді шығарады.

Еске сала кетейік, бұған дейін ресейлік Камила Уәлиеваға қатысты да осындай дау болды. Кейін 15 жастағы спортшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алып командалық сында 1, жекелей сында 4-орынға тұрақтады. Ал қазақсандық спортшылар биыл олимпиадаға қатыспады. Еліміздің басты үміті Елизабет Тұрсынбаева өткен жылы кәсіпқой мансабын аяқтады.