Қазақстан ФИФА рейтингінде бес саты төмендеді

Қазақстан ФИФА рейтингінде бес саты төмендеді

Қазақстан 5 саты төмендеді. Халықаралық футбол федерациясы ақпан айына сараптама жасап, жаңартылған рейтингті жариялады.

Бұл тізімде ұлттық құрама 120-орыннан 125-орынға сырғыған. Қазір Андрей Капович баптайтын жігіттер еншісінде 1134 ұпай бар. Тізімде Фаррер аралдары, Тәжікстан, Ливан, Палестина, Мадагаскар, тіпті Мавритания сияқты елдер бізден әлдеқайда жоғары. Ал топ басына 1832 ұпаймен Бразилия жайғасты. Үздік үштікті Бельгия мен Франция түйіндеп тұр. Одан кейін өкшелеп Аргентина, Англия, Италия және Испания келеді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жуырда ғана Молдованы ұтты. Сырт алаңда өткен алғашқы ойын 2:1 есебімен аяқталды және бұл біз үшін 2020 жылдың қыркүйегінен бергі бірінші жеңіс. Ал елордадағы қарымта мачт пенальти сериясына ұласып, соңында ұлттық құрама басым түсті. Соның арқасында ұлттар лигасы «С» тобындағы орнын сақтап қалды.

Бублик шеберлік сағатын өткізді. Қазақстандық теннисші елорадағы жас спортшылармен жолығып, тәжірибесімен бөлісті. Шараға бас-аяғы 100-ге жуық өрен жиналды. Жергілікті теннис мектебінің шәкірттері ұлттық құраманың үздігімен топтық және жекелей дайындықты пысықтады. Александр Бубликтің айтуынша, болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеудің маңызы зор. Сондықтан алдағы уақытта осындай шараны тұрақты ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Бублик өткен аптада ғана АҚШ-тағы рейтингілік турнирге қатысып, үшінші айналымға дейін жетті. Соңғы сында норвегиялық Каспер Руудқа есе жіберді. Енді бірер күннен кейін Монакоға аттанып, Монте-Карло қаласындағы халықаралық турнирде бағын сынамақ.

Александр Бублик, теннисші:

- Бұндай шаралардың маңызы зор. Өйткені өзіміз де бала болдық. Кәсіпқой теннисшілермен алғашқы кездесуімді әлі ұмытпадым. Бүгін де дәл солай балаларға керемет әсер сыйлап, бір серпілттім деп ойлаймын. Енді олар да кәсіпқой спортты таңдап, бізге лайықты ізбасар болуы қажет. Кім біледі, осы өрендер ішінде болашақ әлем және Олимпиада чемпиондары да бар шығар.