Қазақстандық төрт боксшы АҚШ-та нокаутпен жеңіске жетті

Қазақстандық төрт боксшы АҚШ-та нокаутпен жеңіске жетті
prosports.kz

Миннеаполисте (Миннесота) өткен бокс кешінде төрт қазақстандық боксшы жекпе-жегін нокаутпен аяқтады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Супер орта салмақта Бек Нұрмағанбет (6-0, 4 КО) екінші раундта америкалық Хайнел Уилерді (7-1, 6 КО) нокаутқа түсіріп, кәсіби рингтегі жетінші жеңісіне қол жеткізді.

Екінші жеңіл салмақта қазақстандық Евгений Павлов (6-0, 4 КО) екінші раундта мексикалық Алексис Салидоны (2-2, 1 КО) нокаутпен жеңді. Павлов үшін Нұрмағанбет сияқты Миннеаполистегі жеңіс кәсіпқойдағы жетінші жеңіс болды.

Жартылай орта салмақтағы Аблайхан Жүсіпов (1-0, 0 КО) бірінші раундта тағы бір мексикалық Эдгар Рамиреске (18-20-1, 14 КО) қарсы шығып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Бұл Жүсіповтің кәсіпқой рингтегі екінші жеңісі және кәсіпқой рингтегі мерзімінен бұрын бірінші жеңісі.

Әбілхан Аманқұлдың орта салмақта америкалық Девонте Макдональдқа (1-0, 1 КО) қарсы жекпе-жегі үшінші раундта қазақстандықтың пайдасына техникалық нокаутпен аяқталды.

Бұл Аманқұлдың кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегі.

Осылайша АҚШ-та алғаш рет сынға түскен төрт боксшымыз да жоспарын орындап шықты.