GGG vs Canelo: тартысты өткен бәсеке мәресіне жетті

Қазақ елі мен әлемнің бокс жанкүйерлері көптен күткен жекпе-жек аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ қана емес, бүкіл әлемнің бокс жанкүйерлері күткен жекпе-жек аяқталды. Отандасымыз АҚШ-та орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін мексикалық боксшы «Канело» Альвареспен жұдырықтасты. Соңғы раундтарда қарсыласын басымдықпен алғанымен, Геннадий алғашқы кезеңдерде есе жіберіп қойды. Ал кәсіпқой боксшының карьерасына келсек, шаршы алаңнан кету әзір ойында жоқ. 

Әрине шаршы алаңнан сырт отырып түрлі пікір айтуға болады. Бірақ бұл жолғы жекпе-жек қалай өткенін көзі қырағы көрермен көрді. Әрине бапкерлер мен сарапшылар, спортшылар да бұл жекпе-жекке өз бағасын бере жатар. Головкин мен «Канело» арасындағы үшінші кездесудің 11 раунды да мексикалықтың пайдасына шешілді. Бірақ біздің спортшының ұнжырғасы түскен жоқ. Бір сұқбатында төртінші мәрте жұдырақтасуға дайын екенін айтып қалды. Қазақстандықтарға да алғысын жеткізді

Геннадий Головкин, әлем чемпионы:

Мені қолдаған қазақстандықтарға, жерлестеріме, бокс жанкүйерлеріне алғыс айтамын, қолдауларыңыз үшін рақмет. Сәл ұпай жетпей қалды, қатемді мойындаймын. Мықты болып ораламыз, барлығы жақсы болады.

«Канело» жеңді. Екі спортшы шаршы алаңда барын салып, өз өнерлерін көрсетті. Тақым қысып жеңіс күткен жанкүйерлердің үміті өкінішке қарай ақталмады. Дегенмен әлемдегі мың сан адам бокстың керемет бір жекпе-жегін тамашалады. Жанкүйерлер тарапынан Геннадийді қолдап, қолпаштау бір сәтке де басылған жоқ. 

Жанкүйер:

Біздің Гена мықты. Ол біз үшін чемпион. Өте тартысты бокс болды. Таңнан тұрып осы жарысты күттік.

Ел Президенті Қасым -Жомарт Тоқаев былғары қолғап шебері Геннадий Головкинге қоңырау шалып, жылы лебізін білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, Генаның халықаралық аренада Қазақстанның атын шығаруға қосқан үлесі орасан зор.

Естеріңізге сала кетейік, бұл қос спортшының үшінші кездесуі. Алғашқыда екеуі тең түсіп, екіншісінде Канело ұпай санымен жеңген. Бұл жолы да солай болды.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы