Қостанай облысында ат спорты ойындарының маусымы қорытындыланды

Қостанай облысында ат спорт ойындары маусымын қорытындылаған республикалық жарыс өтті. Бұл жолғы бәйгеде тек Қостанай жылқы тұқымына жататын сәйгүліктер сынға түсті.

Одан бөлек қыз қуу, тенге алу, аударыспақ сияқты ұлттық ойын түрлері ұйымдастырылды. Дүбірлі жарысты тамашалап қайтқан тілшіміздің репортажы.

Ат спорт ойындары маусымының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов ұлттық спортқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келе жатқандығын атап өтті. Қазір облыста 13 мыңнан астам адам ұлттық ойын түрлерімен айналысады екен. Ал биылғы маусым олар үшін нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Қостанай облысы бойынша мамыр айынан бері сегіз бәйге өткізілген. Автокөлік, қаржылай берілген сыйлық көдемі 90 миллион тенгеге маңайлап қалады. Келер жылы да бұл денгейден кем болмайды. 

Нұрбол Әбдірахманов, Қостанай облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті:

- Келесі жылға сол 7- 8 бәйге де деп жоспарлап отырмыз. Ат сатып алып жатқан, атқа қызығушы жігіттердің саны көбейіп келе жатыр. Біздің ең басты алдыға қойған жоспарымыз сол ғой.

Маусымды қорытындылаған бәйгеге еліміздің бірнеше өңірінен 30-ға жуық сәйгүлік қатысты. Олар үш қашықтықта өзара сынға түсті. Ақмолалық атбегі Әділет Тасмұхамбетовтың тұлпарлары талай жарыста топ жарған. Бұл жолы да жүлделі орындардан көрінді. 

Әділет Тасмұхамбетов, атбегі /Ақмола облысы/:

- Жақсы орындарды алып жатырмыз. Екі машина ұттық. Тағы да басқа екі, үшінші орындарға жетіп жатырмыз.

Жалпы елімізде Қостанай тұқымына жататын 173 жылқы бар екен. Ұзақ жылдарғы селекцияның арқасында алынған қазақ қазанатының күш-қуатына, бітіміне шетелдік мамандар да жоғары баға беріпті. 

Айгүл Амандықова, "Қазақ тұлпары" ЖШС басқарма төрайымы:

- Қостанай тұқымы ұшқырлығы жағынан ол әлемде екінші орында. Алыс қашықтыққа төзімділігі өте мықты.

Әр қашықтықта жүлделі орындардан көрінген шабандоздарға қомақты қаржылай сыйлықтар берілді. Ал 20 шақырымдық аламан бәйгеде ақмолалық Әділет Тасмұхамбетовтың сәйгүлігі мәре сызығын бірінші қиды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг