Қол күресінен Анталияда өткен әлем чемпионатында қазақ қызы топ жарды

Қол күресінен Анталияда өткен  әлем чемпионатында қазақ қызы топ жарды

Күш атасын танымайды. Шығысқазақстандық Жасмин Оразкенова қарсыласқа шақ келтірмей, өзгеден мықты екенін анық байқатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлем чемпионы атанған қаршадай қыз «бұл - жаттықтырушымның еңбегі мен ата-анамның қолдауының арқасы», -дейді.

Жасмин Оразкенова – 40 келідегі салмақ арасында армреслинг бойынша әлем чемпионы.

Туған өлкесінің де,замандастарының да үлкен мақтанышы. Қаршадай ғана қызға қарап, бойындағы күш-қайратына таң қаласың. Тіпті өзі шамалас ер балаларға дес бермейді.

Чемпиоант алдында Жасминмен жиі әрі үздіксіз дайындалдық,- дейді жаттықтуршысы Ерназар Тоқтаров. Өйткені доданың оңай болмасын білген. Жеңістің жеңіл тимесін түсінген.

Ерназар Тоқтаров, жаттықтырушы:

- Осы әлем чемпионатына дайындық өте жоғары болды,біз оқу жаттығу жиынын өткіздік, екі айдай оның алдында  негізі дайындықты тастаған жоқпыз, әрдайым осы жазғы демалыста да дайындықты үзген жоқпыз.

Төккен тер ақталды деген осы. 54 мемлекеттен қатысқан 1500-ден астам спортшының арасында Жасминнің бағы жанды. Қолының күшіне төтеп берер ешкім болмады.

Жасмин Оразкенова, қол күресінен әлем чемпионы:

- Әлем чемпионатынан жеңімпаз атану оңай болмады. Өте ауыр өтті. Бірақ енді бәрі артта қалды. Ары қарай да жаттығуға қатысатын боламын. Әзірге сабағыма ден қоймақшымын.

Анасы болса, қызы дәл осы спорт түрінен жетістікке жетеді деп ойламапты. Бірақ барлық ынта-жігерін салып жүрген соң, бетінен қақпаған.

Гүлнар Күбенбаева, анасы:

- Біз осы спортпен айналыса бастағанда жол ортада қалар, шаршайтын болар деп ойлаған едік. Бастапқыда би, домбыра, фортепиано үйірмелеріне барып жүрген еді. Бірақ мінеки аяқ асты қол күресіне бет бұрып кетті. Тіпті жауын-шашын, ыстық суық демей, жалықпай  аптасына алты күн барып жаттығатын.

Енді Жасмин босатқан сабақтарын қуып жетуге жанталасуда. Өйткені білекті бірді,білімді мыңды жығатынын жақсы  біледі. Мұнымен қоса жан-жақты қыз бос уақытында тәтті-дәмді ас пысырып, әйел баласына тән әдептерін де ұмытпауға тырысады. Ал болашақта медицина саласының қызметкері болсам деген үлкен арманы бар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин