Шахматшы Динара Сәдуақасова рапидтен күміс жүлде алды

Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында кеше рапидтен күміс жүлде алып жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады.

Динараны жеңісімен мемлекет басшысы да құттықтады. Енді блиц ойындары басталды. Бірақ ерлер арасында әлем чемпионы атанған Магнус Карлсен ойынға кешігіп келді. Соған қарамастан норвегиялық шахматшы тағы да топ тізгінін қолға алған екен.

Кешегі күміс жүлде Қазақстан шахматы үшін үлкен жетістік деп айтуға толық негіз бар. Біріншіден, жүлделі орыннан дәмелі халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлер көп еді. Екіншіден, Динара алғашқы төрт турда тең ойнағанына қарамастан топ басындағы қытай қызын қуып жетіп алды. Тек қарсыласына тай-брэйкте ғана есе жіберіп қойды.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Ең соңында ұпайлары тең болғандықтан тай-брэйк ойнайтын болды. Қытайдың Тантунжи мен бірге ойнап өкінішке орай жеңіліп қалды. Бірақ ода тұрған ешнәрсе жоқ. Себебі бұл спорт. Бірде жеңеміз. Бірде жеңілеміз. Сонда да бірінші орын алған қызбен тең ұпай жинаған біз үшін мәртебе.

Кешегі жеңісінен кейін Шымбұлаққа шығып демалған Магнус Карлсен бүгін бірінші турға кешігіп келді. Шын шеберге тұсау бар ма? Норвегиялық гроссймейстерге 1 минутта жетеді екен. Ресейлік қарсыласының тас-талқанын шығарды. Блицте біз сенім артқан Жансая Әбдімәлік алғашқы турда ұтылып қалды. Дегенмен басы қатты болса аяғы тәтті болар деген үміт бар. Ал Бибісара Асаубаева мен Гүлісхан  Нақбаевалардың аяқ алысы жаман  емес. Тәжірибелі Гүлісхан отбасылық және жұмыс жағдайына байланысты рапид жарысына қатыса алмапты.

Гүлісхан Нақбаева, гроссмейстер:

- Енді блицта өздеріңіз білесіздер бұл өте жылдам болғандықтан бұл жерде ең басты өзіңнің эмоцияңды қадағалау. Өз-өзіңді ұстау. Және де тез шешім қабылдау. Осындай бір тәсілдер бар. Себебі блицте көбінесе 1 қате жүріс жасап қойғаннан кейін ары қарай өте нашар жүрістер көптеген жасалып кетеді. Сондықтан ұтылып қалатын шахматшылар көп. 

Рапидте ерлер арасында ең үздік нәтиже көрсеткен жерлесіміз Қазыбек Нөгербек блиц оң жамбасыма келеді деп отыр. Бірақ ересектер арасындағы жарысқа енді араласа бастаған Қазыбек жүлде алу қиындау болатынын да жасырмайды.  

Қазыбек Нөгербек, шахматтан жастар арасындағы әлем чемпионы:

- Маған блиц ұнайды. Өйткені мен тез ойлана аламын. Сол маған ұнайды өте. Мүмкіндік бар. Бірақ ол өте қиын болады. Өйткені осы жерде әлемдегі ең мықты шахматшылар ойнап жатыр. Қиын болады. Бірақ енді тырысамыз.

Бүгін әлем чемпионатының аясында жасөспірімдер де шаршы тақта алдында шеберлік байқасты. Ұтыс қоры 1 млн теңге болатын халықаралық жарысқа 200-ге жуық жас шахматшы қатысты.