Боксшы Жәнібек Әлімханұлы алдағы жоспарымен бөлісті

Боксшы Жәнібек Әлімханұлы алдағы жоспарымен бөлісті

Плюс тағы бір титул. Жәнібек Әлімханұлы биыл басқа тағы бір нұсқада әлем чемпионы атанғысы келеді. Бұл жөнінде қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Жәнібек қазірдің өзінде WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Бұл атақты былтыр жекпе-жексіз алған еді. Яғни оның бұрынғы иегері америкалық Деметриус Андраде қазақ боксшысымен кездесуден бас тартты. Артынша Жәнібек АҚШ төрінде Дензель Бентлимен кездесіп, чемпиондық белдікке лайық екенін дәлелдеді. Яғни ол британдық боксшыны төрешілер шешімен жеңді. Осы арқылы кәсіпқой бокстағы көрсеткішін 13 жекпе-жек, 13 жеңіске жеткізді.

Айта кетейік, Жәнібек Қазақстан тарихында кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанған 6-шы адам саналады. Бұған дейін бұндай дәрежеге Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов, Бейбіт Шүменов және Данияр Елеусінов қана қол жеткізді.