Данил Мұсабаев Әлем кубогында топ жарды

Данил Мұсабаев Әлем кубогында топ жарды

Тарихи жеңіс. Данил Мұсабаевтың Әлем кубогындағы жетістігіне спорт мамндары осындай баға беріп жатыр. Батут гимнастикасынан дүниежүзілік дода Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтті және оған 16 елден 60-тан аса қатысушы жиналды. Қарағандылық спортшы соңғы сында 59,240 ұпай жинап, жалпы тізімде көш бастады. Үздік үштікті Испания мен Франция өкілдері түйіндеді.

Айта кету керек, ерлер арасындағы жекелей сында отандық спортшы алғаш рет топ жарып тұр. Бұдан бөлек, ұлттық құрама спортшылары жұптық сында да сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына кезекті алтынды салды. Бұл бәсекеде ел намысын дәл осы Данил Мұсабаев пен Пирмаммад Әлиев қорғаған болатын. Олар 51,940 ұпаймен суырылып алға шықты. Осы арқылы жерлестеріміз 2017 жылғы жетістікті қайталады. Яғни, тура 6 жыл бұрын қазақ жігіттері синхронды секіруде алтын жүлдегер атанған болатын. Ал әйелдер арасында ең тәуір көрсеткішке Виктория Бутолина қол жеткізді. Ұлттық құрама мүшесі жекелей сында 21 қатысушысының арасынан 6-шы орынға тұрақтады.