Алматыда батут гимнастикасынан ел спартакиадасы басталды

Ел үздіктері Алматыға жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұнда батуттағы гимнастикадан кезекті, яғни 6-шы спарткиада басталды. 4 жылда бір өтетін байрақты бәсекеге 9 аймақтан 120-ға жуық қатысушы жиналды. Енді олар бірнеше күн бойы жекелей, жұптық және командалық сындарда өзара мықтыны анықтайды. Жарыс бағдарламасына гимнастиканың 3 бағыты, яғни акробатикалық жолақ, мини трамп және баттутағы жаттығулар енгізілген.

Айта кету керек, Қазақстан спартакиадасына ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрама өкілдері түгел келді. Яғни, жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасындағы үздіктер де басқалармен бірдей жарысқа араласады. Бұл аймақтардан жиналған спортшылардың шеберлігін шыңдауға көмектеседі. Ал құрамадағы кәсіпқой спортшылар үшін бабын жоғалтпай, тәжірибесін жетілдіруге керемет мүмкіндік, - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Сергей Вертянкин.

Сергей Вертянкин, ұлттық құраманың бас бапкері:

- 2023 жылдың басты жарысы алдағы Азия ойындары екені белгілі. Міне, біз осы жарысқа дайындық үстіндеміз. Қазір ұлттық құрама мүшелері түгелдей спартакиадаға қатысып, бақтарын сынап жатыр. Ал дәл осы ішкі біріншілік нәтижесінде біз үздік спортшыларды іріктеп, 2024 жылы ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтаймыз. Айта кету керек, спорттық дәл осы бағыты қазір бізде жақсы дамып жатыр және бәсекелестік деңгейі кәдімгідей өскен.