Футболдан әлем чемпионаты Қазақстанда өтуі мүмкін

Футболдан әлем чемпионаты Қазақстанда өтуі мүмкін

Бұл жөнінде Халықаралық футбол федерациясының басшысы Джанни Инфантино мәлімдеді.

Ол күні кеше Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, бірқатар кездесу өткізді. Бұған қоса қыздар арасындағы ұлттық лиганың ашылуына қатысып, отандық тілшілер сұрағына жауап берді.

Инфантино спорттық инфрақұрылымға көбірек қаржы құйып, заманауи алаңдар мен жабық стадиондар салу керектігін алға тартты. Сонымен қатар футболды басқару жүйесін бір жолға қою қажеттігін, оның ішінде өзіндік мәдениет қалыптастырып, менеджментті жетілдіру тетіктерін сөз етті. Халықаралық футбол федерациясының басшысы еліміде әлем чемпионатын ұйымдастыруға қатысты да пікірімен бөлісті.

Джанни Инфантино, FIFA президенті:

- Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда жастар арасындағы не одан төмен жастағы топтар арасындағы әлем чемпигонатын өткізу болады. Ол үшін, әрине, көп жұмыс атқарылуы қажет. Әсіресе арнайы мақсат қойып, соның жоспарын нақтылаймыз. Уақытын белгілейміз. Бұл тақырыпты бүгінгі кездесулерде кеңінен талқыладық. Егер қажетті жағдайлар жасалатын болса, бұл – әбден жүзеге асыруға болатын шаруа.

Айта кету керек, Джанни Инфантиноны Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов арнайы шақырды. Ресми сапар аясында ел аумағында ФИФА қызметін дамыту бойынша халықаралық шараларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бұған қоса Орталық Азия футбол қауымдастықтары арасында ынтымақтастықты арттыру сөз болды.