Түркістан облысында сараптама ұйымдары қызметкерлерінің спартакиадасы басталды

Түркістан облысында сараптама ұйымдары қызметкерлерінің халықаралық спартакиадасы басталды.

Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан командалары жиналды. Олар спорттың алты түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды.

Түркістан облысының тұмса табиғатымен танымал таулы аймақта тұңғыш рет спартакиада жалауын көтерді. Осылайша іскерлік қарым-қатынасы берік сараптама ұйымдары спорттық бәсекеде сынға түседі. Оған 4 командадан 100-ден аса ойыншы шақырту алды.   

Қуандық Қажкенов, "Мемсараптама" РМК Бас директоры:

- Ең бастысы бұл ұжымдар арасындағы бірлікті көрсетеді. Сараптама ұйымдарының ынтымақтастық, достық қатынасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеміз. Барлық әріптесімізбен тығыз байланыс орнатып, қабілетімізді жан-жақты шыңдауға мүмкіндік алдық. 

Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінен кейін футзалдан жарыс басталды. Қазақстан мен Ресей командалары арасындағы ойын 4:0 есебімен жарыс қожайындарының жеңісімен аяқталды. 

Мақсат Шәймерден, команда капитаны:

- Бірінші халықаралық спартакиада болғандықтан барлық командалардың ойыны бізге белгісіз болды. Қайсысы қандай деңгейде ойнайды!? Міне қазір көріп жатырмыз. Жақсы ойын көрсеттік деп ойлаймын. Қуаныштымыз. Әрі қарай да жеңістер алда болады деген ойдамыз.

Спартакиада 3 күнге жоспарланған. Ойыншылар жарыстың екінші күнінде волейбол мен үстел теннисінен сайысқа түседі. Кейін шахматтан шеберлік байқасады. Арқан тарту, жеңілатлетикалық эстафетада жарысқа түседі. 

Игорь Манылов, Ресей бас мемлекеттік сараптамасының бастығы:

- Біздің делегациямызда кіл мықтылар іріктелген. Әрине барлығы әуесқой спортшы. Үздік қызметкерлерімізді әр аймақтан жинадық. Ұйымдастыру алқасының барлық талабын орындап, сәтті ойын көрсетеміз деп ойлаймыз.

Тартысқа толы болатын ойындарға білікті мамндар төрелік етеді.  Сондықтан бұра тартып, жеңісті жолдан кесуге жол жоқ. Ал халықаралық спартакиада алдағы уақытта да жалғасын табады, дейді ұйымдастырушылар. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов