Ақтауда зейнеткер оқушыларды волейбол спортына тегін баулып жүр

Ақтаулық зейнеткер оқушыларды волейбол спортына тегін баулып жүр.

Насуха Байпақов білім саласының ардагері. Жастық шағынан спортқа жаны жақын атай бүгінде мектепте дене шынықтырудан сабақ береді. Бұл қызметі үшін жалақы алмайды екен. Тіптен, дәріске қажет құрал мен спорттық киімді де сатып алған. Соңғы екі жылда білікті ұстаз баулыған 3 шәкірт волейболдан облыс құрамасына қабылданған.

Насуха Байпақов - саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған жан. 2016 жылы зейнет демалысына шыққан. Үйде қол қусырып отыра алмаған соң үй жанында жаңадан салынған мектепке барып, директорымен жолығады. Ол өз кезегінде ардагер сөзін жерге қалдырмай, футбол мен волейболдан сабақ өткізуіне келісім береді. 

Насуха Байпақов, білім саласының ардагері:

- Мен сізден бір тиын ақша сұрамаймын. Залыңыз бен балаларыңызды берсеңіз болады дедім. Енді осы мектептің балаларын жаттықтырып келем, биыл 2 жыл болды. Үйде жата алмаймын, екіншіден өскелең ұрпақтың бойына салауатты өмір салтын қалыптастыру керек. Соған байланысты оларға каникул болса да, мен жаттығуымды жүргізіп жүрмін. 

№25 мектепте волейбол үйірмесін ашқан Насуха атай бүгінде жүзден аса шәкірт тәрбиелеуде. Бастапқыда сыныптарды аралап, спортқа ынтасы бар ұл-қыздармен сөйлескен екен. Көп ұзамай бірнеше команда құрады. Соның бірі облыстық жарыста 3-орынға ие болады. Тағы бірі мектепаралық лигада күміс медальды жеңіп алды. 

Берекет Ұлықпан, оқушы:

- Ойынның үстінде ешқашан қорықпауды, ұтылғанның өзінде ол тәжірибе екенін айтады. Өзі үлкен кісі болғанымен энергия толып тұр деп айтсам болады. Өзінің бір ерекше аурасы бар кісі.

Ақмарал Сәрсенбаев, мектеп директоры:

- Қазір 100-150 балаға дейін волейбол секциясына қатысады. Сенбі сайын әр сыныпты жарыстырып, қызығушылығын арттырып әр сыныптан команда жинады. Керемет жетістігі бар. «Каспий аренаға» 4 оқушысы өтіп отыр. 

Ардагер ұстаз волейболға баулыған оқушылар спорттың осы түрінен Маңғыстау облысының құрама командасы сапында өнер көрсетіп жүр. Тағы бірнеше шәкірті биыл жазда Түркістан облысының Түлкібас ауданында өтетін респубикалық жарысқа барады. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев