Жетісу облысында Республика күніне арналған спартакиада өтті

Жетісу облысында Республика күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында спартакиада өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спорттың үстел теннисі, бильярд және дартс сияқты 3 түрі бойынша ұйымдастырылған жарысқа жергілікті газет, телеарналар мен Талдықорғандағы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері де қатысты. Үстел теннисінен облыстық газеттің жауапты хатшысы Асхат Алтынбеков жүлделі бірінші орынға ие болды. Дартстан облыстық бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының бас маманы Нұркен Тойшыбаев жеңімпаз атанды. Ал бильярд турнирінде облыстық телеарнаның қызметкері Бақдәулет Шакер барлық қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Жүлдегерлерге медаль, арнайы диплом және қаржылай сыйақы табыс етілді.

Бақдәулет Шакер, жарыс жеңімпазы:

- Бала кезден бильярдқа жақын болғаннан кейін бірден бильярд жарысына қатысу туралы шешім қабылдадым. Әртүрлі мықты-мықты ойнайтын қарсыластар барлығы. Ешкім жаман ойнайды деп айта алмаймын. Сондықтан қиындық болды, оңай болған жоқ. Ұйымдастырылуы өте жақсы.  

Айдар Башбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- Мұндағы мақсат – біз журналистерді өздерінің кәсіби шеберлігін ғана шыңдап қоймай, салауатты өмір салтына да атсалысу, бұқаралық спортты дамытуға тарту. Осы мақсаттың үддесінен бүгін шыққан сияқтымыз. Бақ пен бап әрдайым бірге жүрмейді ғой. Ішінде бүгін озық шыққандарын марапаттап жатырмыз.