Ақтөбелік спортшылар ДКО-ға дайындықты бастады

Ел спортшылары V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты бастады.

Ақтөбе облысынан шабандоздар, палуандар мен құсбегілер қатысады. Өзге спорт түрлерінен іріктеу кезеңдері жазда өтеді.

Арман Сағымбаев дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері.  2018 жылы Қырғызстанда өткен тартысты додада күміс медаль алды. Тәжірибелі палуан бұл жолы кеткен есені қайтаруды мақсат еткен.

Арман Сағымбаев, палуан:

- Сол 6 салмаққа екі адамнан дайындаламыз. Іріктеу болады. Содан өткені ел намысын қорғайды. Қандай жағдайда да елімізде өткен соң намысты қолдан бермей, алтыннан алқа тағуға үміттіміз.

Ақтөбе облысында аударыспақ  жақсы дамып келеді. Жастар арасында болашағынан үміт күттіретін спортшылар аз емес. Мәселен, Нұржан Еркінұлы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанған. Жүз келі салмақта өнер көрсететін жас палуан ұлттық жекпе-жектің бірнеше түрін қатар игерген. Дегенмен бала күнінен ат жалын тартып мінгендіктен «аударыспаққа құмарым бөлек», - дейді. 

Нұржан Еркінұлы, палуан:

- Белбеу күрестен үшінші орын алғанмын Казақстан чемпионатында, жастар арасында. Білмеймін, бірақ атқа мінген бөлек. Аттың үстінде демаласың. Атқа мінгенде шаршамаймын. Таңертеңгілік уақытым сабақта болады. Түстен кейінгі уақытым осы жақта. Атқа мініп демаламын. Депрессияға ұшырамайсың аттың үстінде жүрсең.

Ақтөбеде қазір асық атудан балалар арасында облыс біріншілігі өтіп жатыр. Ересектердің кезегі келесі айда. Жазда Азия біріншілігі жоспарланған. Бас жүлдені иемденген мергендер ұлттық құрама сапына ілігеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ақтөбеліктер бірнеше спорт түрінен  бақ сынайды.    

Әділбек Ділжанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

- Көшпенділер ойындарының бағдарламасында спорттың 20 түрі бар. Барлығын қамтуға тырысамыз. Бірақ аударыспақ, көкпар, қазақ күресі мен тоғызқұмалақ сияқты жекелеген ұлттық ойын түрлерінен жетістігіміз қомақты. Сондықтан аталған жарыстарда ақтөбелік спортшылар жолдама алуы тиіс.

Спортшылар қызу дайындыққа кірісті. Себебі көктемде Қызылордада көкпардан, Оралда аударыспақтан ел біріншілігі өтеді. Ақтөбелік шабандоздар жамбы ату мен теңге ілуден де жүлдеге үміткер. Үздіктері Астанада өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алып, ел намысын қорғайды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков