Ақмола облысында шаңғы тебуден бұқаралық жарыс өтті

Ақмола облысында Олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың құрметіне шаңғы тебуден бұқаралық жарыс өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Спорттық шараға 400-ден астам жасөспірім қатысты.

Олар 2,5 шақырым қашықтықта бақ сынады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жас шаңғышыларды Олимпиада чемпионының өзі марапаттады.

Владимир Смирнов – осыдан 30 жыл бұрын қысқы Олимпиада ойындарында топ жарған тұңғыш спортшы. Ол Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен дүбірлі додада 50 шақырымдық бәсекеде Олимпиада чемпионы атанған. Сондай-ақ 10 және 15 шақырымдық жарыста күміс жүлде иеленді. Даңқты спортшының бұл жетістігі шара барасында ерекше аталып, Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» ордені табысталды.

Алдағы уақытта Олимпиада чемпионы өзі туған Щучье қаласында шаңғы спортын дамытуды көздейді. Жобасын таныстырып, жоспарымен бөлісті.

Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы:

- Алдағы уақытта біз осы спорт кешенінде үлкен жарыстар өткізгіміз келеді. Мен өңір басшымен келісіп, кешенді жоспарымды ұсындым. Яғни әлем чемпионаттары, әлем кубогы мен халықаралық додаларды өткізгіміз келеді. Оған біздің толық мүмкіншілігіміз жетеді. Бұл бір жағынан жергілікті спортшылардың шыңдалуына да жол ашады.

Чемпион болашақ ізбасарларын сызығында өзі күтіп алды. Медалін табыстап, сәт-сапар тіледі. Жалпы жарысқа қатысқан жас өрендер шаңғы спортының пайдасын жақсы біледі.

Темірлан Бірімжан, жарысқа қатысушы:

- Шаңғы ағзаға өте пайдалы. Менің ойымша, шаңғы тепкен адам өте мықты болады. Бүгінгі жарыс өте жақсы өткен. Мен жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Біз «Қазақстан халқына» ұлттық қорымен келісіп, 700 дана заманауи шаңғыларды алып, балалар мектебіне таратып жатырмыз. Балаларды қуантып, шаңғы спортын Ақмола облысында дамытуға қомақты үлесін қосып жатыр.

Соңғы жылдары өңірде заманауи спорт кешені көбейді. Соның бірі осы Олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың туған жерінде салынып жатыр. Бұдан бөлек, биыл тағы 5 нысан бой көтеріп, 60-тан астам спорт алаңы жабдықталады деп жоспарланған.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный.