Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 171 күн қалды

Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 171 күн қалды.

Биыл айтулы шара 8–14 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс саналады. Бүгін ЭКСПО халықаралық көрме орталығында, жарысқа қанша күн қалғанын көрсетіп тұратын, кері санақ тақтасы ресми түрде іске қосылды. Салтанатты шараға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Түркиядан арнайы келген Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысты. Бұл санақ тақтасы асық пішінінде жасалған. Оның биіктігі шамамен 2 метрге жуықтайды. Жалпы айта кету керек Астанада өтетін байрақты бәсекеге 100-ден аса мемлекет қатысады деп күтіледі. Оның ішінде АҚШ-тың ковбойлары да көкпар тартысуға ниет білдіріп отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Әлемдік көшпенділер ойынын ең жоғары деңгейде өткізу туралы біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бар осы көшпенділер ойынын сән-салтанатымен лайықты түрде өткіземіз деген сеніммен айта аламыз. Осы іс-шараға біздің мемлекет басшысы ерекше мән беріп отыр. Сондықтан бұл айрықша бәсекеге толы үлкен Ұлы даланы дүбірлеткен дода болады ғой деп біз ойлаймыз.