Көкпардан ел чемпионаты басталды

Қызылордада көкпардан ересектер арасында еліміздің 23-ші чемпионаты басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Оған 15 өңірден 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Командалар өзара 4 топқа бөлінген. Ерекшелігі, бұл жарыста облыстардан бөлек, Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерінің де көкпаршылары бақ сынап жатыр. Тақымға серке басқан жігіттердің жарысы 30 сәуірге дейін жалғасады.

Айта кетейік, былтырғы ел чемпионатында Жамбыл облысының Әулие ата командасы топ жарып, Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанған болатын.

Ырыскелді Байтасов, Қостанай облысы көкпар командасының бапкері:

- Жарысқа дейін біз Қызылорда облысында дайындық жұмыстарын жүргіздік. Спортшылар да, аттар да толық дайындалған. Жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орынға ие боламыз деп үміттенеміз.

Жұмат Болат, Қарағанды облысы көкпар командасының көкпаршысы:

- Ойын жақсы өтті. Барлық қарсылас командалар лайықты, жақсы дайындалған. Әр ойын қызықты әрі ерекше өтіп жатыр.