Абай облысын 5 жылда қандай өзгеріс күтіп тұр?

Абай облысында Үкіметтің кешенді жоспары аясында 102 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Инвестиция көлемі 2 трлн теңгеге жуықтайды. Биыл 45 жоба іске қосылуы тиіс. Сонымен қатар инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Нәтижесінде 5 жыл ішінде 8 мың жұмыс орны құрылады.

Абай облысында 5 жылда 44 инвестициялық жоба жүзеге асады. Жалпы құны – 1,4 трлн теңге. Нәтижесінде 8 мың адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Ал биыл 3 кәсіпорын жұмысын бастайды. Сондай-ақ аймақта инфрақұрылымды жақсартуға ерекше назар аударылып отыр.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Семейдің оң жағасында 125 Гкал жылу энергиясының тапшылығы болды. Оны азайту үшін 2 жылу қазандығы қайта жаңарудан өтіп, жылу қуаты 40 Гкал-ға ұлғайды. Қалған тапшылық – 85 Гкал. Сол сияқты жылу желілерінің тозу мәселесі де бар. Олардың жалпы ұзындығы – 464,5 шақырым. Орташа тозу – 68%. Желінің 279 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді.

Биыл 24 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу, жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Алдағы жылдары үшінші жылу-электр орталығы тұрғызылады. Қазір құжаттары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Семей қаласының бас жоспары түзіліп жатыр.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында да жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді. Көпқабатты үйлердің 70-ке жуық ауласы абаттанды. 41 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөндеуден өтті. 9 үйге мурал салынды. Жамақаев, Мәңгілік ел көшелері бойымен жаяу жүргіншілер жолы, тұтастай қоғамдық кеңістіктер құрылды.

Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Бүгінде жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын баспана салынып жатыр. Ал алдағы 3 жылда тағы 148 көпқабатты үйді қолданысқа беру жоспарланған.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ислам Махамбет.