Атыраудың Исатай ауданында еңбекпен қамту жобасы аясында 90-ға жуық жас жұмысқа тұрды

Атырау облысының Исатай ауданында жастарды жұмыспен қамтуға арналған ілкімді жобалар іске асырыла бастады.

Нәтижесінде 90-ға тарта жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашқандардың қатары көбейді.

Исатай ауданының тұрғыны Алмас Ахметқалидің ауласы көліктен босамайды. Былтыр қайтарымсыз грант ұтып алған жас кәсіпкер шағын шеберхана салып, өз кәсібін бастады. Бүгінде Алмастың көлік жөндеу шеберханасы көпшілікке танымал бола бастаған.

Алмас Ахметқали, кәсіпкер:

- Бүгінгі таңда сол кәсібіммен жұмыс істеп жатырмын. Келушілер, күніне 3-4 машина келеді. Соның өзі маған 1 күнге жетеді. Бұйырса, алдағы уақытта осы кәсібімді ұлғайтқым келеді. Жаңадан орындар ашып кеңейтсем деген жоспарларым бар. 

Кәсіпорын ұлғайса, қосымша адам жалдауды ойластырып жүр. Сондай-ақ мемлекет қолдауына сүйенген талапкер бизнесмен биыл 2,5 пайызбен 5 млн теңге жеңілдетілген несие алыпты. Осы қаражаттың көмегімен Алмас ауылшаруашылығын жандандырмақ ниетте. Жалпы, Исатай ауданында өз кәсібін ашуға талпынған жастар жеткілікті.

Бақтыгүл Сапарқожаева, Исатай аудандық "Мансап" орталығының басшысы: 

- Биылғы жылы 20 адамға берілді. Оның ішінде 10-ы жастар. Осындай көлік жөндеу, мал шаруашылығы кондитерлік цехтар ашу сияқты ұтымды жобаларға беріліп, бүгінгі күнде жұмыстарын істеп жатыр. 51 млн көлемінде ақша игеріліп отыр бүгінгі күнге. Келесі жылы да сонша қаражат салынады. 

Биыл Атырау облысы бойынша 168 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие беріліпті. Жалпы 800 млн теңгеден астам қаражат ауыл жастарының жобаларын несиелеуге бөлінген болатын. Онан өзге ұлттық жоба аясында 4 жоба қаржыландырылып, 90-ға тарта бозбала мен бойжеткен тұрақты жұмысқа орналасты.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин