Батыста шалғай аудандар энергияға тәуелділіктен арылады

Батыс Қазақстан облысының шалғайында жатқан Бөкей Ордасы және Жәнібек аудандарында газопоршендік станция салынады.

Сөйтіп, қажетті электр энергиясы жергілікті жерде өндірілмек. Аталған аудандар қуатты Ресейден алып отыр. Облыстың энергожүйесінен қашықта орналасқандықтан, көрші елге тәуелді. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың аудан жұртшылығымен есептік кездесуінде айтылды.

Бөкей Ордасында 7 ауылдық округ бар. Ең алысы 190 шақырым жерде. Жолдың жайсыздығын қоссақ, бұрын ескі көлікпен сырқаттарды жедел жеткізу қиын еді. Осыны ескерген өңір басшысы салтанатты жағдайда 4 ауылға жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады. Биыл жалпы өңір дәрігерлеріне 81 көлік алыныпты. 

Меңдігүл Есенова, Орда дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:

- Ескі көлік болды. Сынып қалады, біздің мына жолдарымызға жүруге жарамсыз болды. Тек ауыл ішінде жүруге ескі көліктер. Бүгін бізде қуанышты күн. Көптен армандаған көліктер табыстап жатыр. Үлкен рахмет! 

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Денсаулықтың кепілі спорт десек, өңірде тек аудан орталықтары емес, ірі елді мекендерге де дене шынықтыру кешендері салынбақ. Соның бірі 2025 жылы Хан Ордасында бой көтереді. Бұл жөнінде өңір басшысының есептік кездесуінде айтылды. Тағы бір жаңалық ауданда газопоршендік электр стансасы орнатылады. Өйткені өңірдің энергожүйесінен оқшау жатқан Бөкей Ордасы мен Жәнібек қазір қажетті қуатты Ресейден алып отыр. 

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Не істеу керек? Линия тарту жөнінде мамандармен отырып есептедік. Ол қыруар қаражат екі ауданға. Ондай қыруар қаражат алып келсек, тарифі өте қымбат болатын болды.Ол тиімсіз екенін есептеп мамандар жеткізді. Сондықтан жаңадан шығып жатқан газпоршендік қондырғы соны қою жөнінде алты мегаватқа дейін есептеп отырмыз. Инвесторлар қазір іздестіріп жатырмыз. 

Бөкей Ордасы - өңірдегі ең малды ауданның бірі. Алайда ет өнімдерін өңдеу жағы кенжелеп қалған. Кездесуде осы бағыттағы жоспарлар мен киік басын реттеу жайы да айтылды.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов